Қызылорда облысында шектеулер күшейді
Қызылорда облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды zakon.kz.
Онда адам көп жиналатын діни, мерекелік, спорттық, мәдени, конференциялар, семинарлар, көрмелерді және тағы басқа шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұған қоса, ұжымдық ауызашар өткізуге де болмайды.
Сондай-ақ, боулинг, компьютерлік клубтардың, түнгі және ойын клубтарының, караокенің қызметіне, қоғамдық орындарда кальянды пайдалануға рұқсат етілмейді.
8 сәуірден бастап Қызылорда облысы "сары" аймаққа енген болатын. Осыған байланысты шектеу шараларын енгізу мақсатында №8 қаулы қабылданды. Яғни, шектеулермен және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен:
- балалар мен ересектердің білім беру орталықтарының жұмысы топты 15 адамнан артық толтырмаған кезде, алдын алу жазылу бойынша;
- қоғамдық көлік жұмысына;
- банктер, ХҚКО, "Қазпочта" АҚ бөлімшелері жұмысына 9.00-ден 18.00-ге дейінгі уақыт шектеуімен;
- ұйымдар, офистердің жұмыстарына 50%- күндізгі режиммен;
- қоғамдық тамақтану объектілеріне толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан асырмай сағат 7-ден 24-ке дейін жұмыс істеуге;
- сауналар жұмысына (жексенбіден басқа);
- 30 адамға дейін мәдениет объектілерінің жұмысына (дайындық);
- толтырылуын 20%-дан артық емес етіп театрлар, кинотеатрлар, концерт залдарының жұмысына рұқсат беріледі.
Қаулы бүгіннен бастап күшіне енеді.