Вакцина сотталғандарға да тегін салынып жатыр
Наурыз айынан бастап әлемде коронавирус қайтадан күшейді. Оған себеп адам ағзасының көктемде біршама әлсірейтіні салдарынан вирусты аурулардың да жиілейтіні және әлемді жайлаған қауіпті індеттің мутацияға ұшыраған түрінің таралуы. Дүниежүзін жайлаған індеттен құтылудың бірден бір жолы вакцина салу екенін дүниежүзі мойындап отыр, дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Індеттің алдын алуға бағытталған іс-шара – вакцина қабылдаудан сотталғандар да қалыс қалған жоқ Салынып жатқан вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешені өндіретін "Спутник V" ресейлік вакцина.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 1 сәуірден бастап жеке құрам мен сотталғандарға вакцина салу басталды. Вакцина егу шарасы басталмас бұрын сотталғандар арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алудың маңыздылығы түсіндіріліп, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында тегін вакцина салдыру ұсынылды. Жергілікті атқару органдарымен өзара ынтымақ нәтижесінде бірінші болып қоныс колониясындағы сотталғандар екпе қабылдады. Сондай-ақ ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі 18 жасқа толған жасөспірімдерге ғана вакцина егілді. Бүгін ЛА-155/18 түзеу мекемесінде, яғни тергеу изоляторындағы сотталғандар мен тергеу тұтқынындағылар вакцина қабылдады. Вакцина егу алдында дәрігерлер дене қызуын өлшеп, эпидемиологиялық анамнез жинап, сатурация мен қан қысымын өлшеп, өкпе және жүрек қан-тамыры жүйесін тексерді. Вакцина қабылдағаннан соң сотталғандар 30 минут дәрігерлердің бақылауында болды.
Сотталғандардың барлығы вакцина қабылдаудың маңыздылығын жете түсініп, індеттің алдын алу шарасын ұйымшылдықпен өткізуде.