Жаңалықтар тізбегі
0

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының агроқалашығын салу басталды

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.05.2021 04:15 Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі
Болашақта мұндай агроқалашықтар тағы бірнеше облыста салынады.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бастамасымен ұсынылған Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы қандастарға арналған агроқалашық инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінен кейін, жоба нақты іске асыру кезеңіне өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Бүгінгі күні геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекаралары анықталып, оларды нақтылау жұмыстары жүргізілді, жолдар мен басқа да инженерлік желілер салуға белгілер қойылды. Жер телімдері шегінде межелеу жұмыстары қолға алынды.

Үйлердің құрылысы осы жылдың 15 мамырында басталады. Есеп бойынша, агроқалашықтағы алғашқы үйлер биыл күзде бой көтереді.

Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың шет елдердегі қазақтарды тарихи отанына әкелу, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғынүй мәселелерін шешу және жаңа жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасы аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен "Отандастар қоры" КеАҚ бұдан үш жыл бұрын жергілікті тұрғындар мен қандастар үшін "Асар" әдісін қолданып, "Тұрғынүй және жұмыс" қағидасы бойынша Ақмола мен Түркістан облыстарында коттедждік қалашықтар салудың екі пилоттық жобасын ұсынған еді.

Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, сондай-ақ, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) коттедж салуға келісілді. Жердің иелері – ЭКСПО-2017 көрмесінің бұрынғы құрылысшылары, негізінен оңтүстік облыстардан келген және елдің солтүстік аймақтарында қалуға, тұруға және жұмыс істеуге ниет білдірген қандастар. 6-8 мың тұрғынға арналған елдімекен маңынан үш жарым мың жұмыс орнын ашу қаралған. Онда 300 гектар жылыжай, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар, жылқы, ірі қара мен ұсақ малдарды өсіріп, бордақылау орталықтары болады. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласын сапалы және қол жетімді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлес қосады.

Жобаның бірегейлігі – үйлерді сатып алу мен салуға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсауды қажет етпейді. Жер қазірдің өзінде сатып алынған, үйлерді жер иелерінің өздері "Асар" әдісі бойынша салады әрі бұл тұрғынүй құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Соңынан тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, Түркістан облысының Келес аймағында осындай шағын аудан салу үшін 300 гектар жер және ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 180 гектар суармалы жер бөлу туралы мәселе шешілді. Дайын инфрақұрылымы бар алғашқы 24 гектар жер жақын күндері бөлінеді. Қазірдің өзінде Өзбекстан тарапымен суармалы сумен қамтамасыз ету туралы келісім жасалды, бұл үшін бұрыннан бар арық арнасын тазарту жұмыстары басталды. Мұнда да қандастарды тұрғынүймен және ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін бағыттағы жұмыспен қамту қарастырылған.

Шекаралас Өзбекстан тұрғындары тарапынан ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, бұл жоба экспортқа бағытталған және шағын отбасылық мал фермаларын құруға бейімделген. Әр қожалыққа үй мен аула шаруашылығын салу үшін 25 сотыққа дейінгі жер телімдері бөлінеді деп жоспарлануда. Отбасылық қожалық, өнімдерін өңірде үлкен сұранысқа ие халал негізінде өндіретін болады.

Болашақта мұндай агроқалашықтарды Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында салу жоспарлануда.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы ұсынған жобалар шетелдегі қазақтарды тарихи отанына әкелу, оңтүстік облыстардан солтүстіктерге қоныс аудару бағдарламасын орындау, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының тұрғынүй мәселесін шешу мен жаңа жұмыс орындарын ашу туралы ел басшылығының тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Біздің көзқарасымыз бойынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жоғарыда аталған пилоттық жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру – қазақтарды тарихи отанына оралту үдерісіне қуатты серпін береді әрі шетелдегі қазақ қауымдастығына осы мәселеге мемлекеттің айырықша назары мен ықыласын көрсетеді.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: