Соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады
9 және 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні соғылады. Аттестаттарды табыстау рәсімі мектеп алаңында маусым айының ортасында өткізіледі, деп хабарлайды zakon.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы қоңырау рәсімі 25 мамырда санитарлық нормаларды сақтай отырып, өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің келісімімен өткізіледі деп жоспарланған. Соңғы қоңырауды өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Ал, 9 және 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты жиын мектеп аумағында таза ауада ұйымдастырылады.
Соңғы қоңырау шарасын 9 бен 11 сынып оқушыларына, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық алаңда өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бұл оқушылар үшінші тоқсаннан бастап, негізінен, дәстүрлі форматта оқып жатқанын білесіздер, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Салтанатты іс-шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр түрлі күндерде өткізу ұсынылады.
Мектеп бітіру кеші – орта білім туралы құжатты табыстауға арналған дәстүрлі іс-шара. Оны ұйымдастыру кезінде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Сонымен бірге маска тағу режимін, қатысушылар арасында кемінде 1-1,5 метр қашықтықты қатаң сақтауды және ата-аналардың немесе заңды өкілдердің біреуінің ғана қатысуын қамтамасыз ету керек, – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
2020-2021 оқу жылында 3,4 млн астам оқушы мектептерде білім алды. Олардың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты аяқтайды.