ҚМДБ имамдардың жүзі мен руын анықтап жатыр – БАҚ
Барлық имамға "осыны тез толтырып жіберіңдер" деген бұйрық түскен көрінеді, дейді nege.kz.
"Базаға мәлімет" деп аталған Excel форматындағы құжатта ҚМДБ-ға қарайтын әр өңірдегі мешіт қызметкерлері толтыруға тиісті делінген үлгі жолданған. "Онда тұрған не бар?" дегенбіз басында. Алайда, жауап жазылуға тиіс сұрақтардың кейбірін көріп, екіұдай күйде қалдық.
"Мешіттің категориясы", "атауы", "лауазымы", "туған жері", "ұлты" деген секілді бағандардың жанында "Жүз" және "Ру" деген бағандарды көргенде өз көзімізге өзіміз сенбей, екі қайтара қарап шықтық. Иә, дәл солай!
Сонда ҚМДБ басшылығына өңірдегі бас имамдардың туған жері, мекен-жайы, алған білімімен қоса оның қай жүзге, қай руға жататыны да маңызды болғаны ма? Бұл рас болса, діни Басқарма мұнымен қандай мақсатты көздейді? Өтірік шығар десек, "осы сұмдық туралы жария қылсаңыздар" деген мешіт қызметкерлерінің сөзін қайтеміз? Әлде ҚМДБ атынан біреулер арандатушылық жасап отыр ма?
Nege.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау үшін ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлына хабарласыпты:
– "Ұлты" деген баған бар екенін білемін, ал "руы", "жүзі" деген жоқ-ау, шамасы. Мұны нақты білмеймін. Негізінде біз тек келісімшарт толтырамыз. Онда тек ұлты ғана жазылады. Руы мен жүзін сұрау трайбализм ғой, – деп жауап берді Діни басқармасының баспасөз хатшысы.
Алайда редакцияға дерек жолдаған діни қызметкер: "Бұл анкета ватсап арқылы имамдардың бәріне жіберліген, бәлкім, трайбализмге қарсы басқа да имамдар тіл қатар", – деп үміттенеді.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, мұны арандату мақсатында әлдекімдер әдейі жолдауы да мүмкін. Сондықтан да Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына қарамағындағы қызметкерлеріне жіті көз салып қойғаны жөн сияқты.