Қарулы Күштерде екпе алғандар 92 пайызды құрады
Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде 1 маусымда басталатын жазғы оқу кезеңіне даярлық мәселелері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
Алдағы оқу кезеңіне оқу-материалдық базалардың, оқу-жаттығу алаңдары мен әскери техниканың дайындығы жөнінде, жауынгерлік даярлық сабақтарының басшыларымен әдістемелік оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ рота және батарея командирлерімен, тәрбие және идеологиялық жұмыстардың орынбасарларымен "Тактик" курсын өткізу барысы баяндалды.
Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев жазғы кезеңге өту қарқынды және мазмұнды болатынын атап өтті. Сабақ барысында барлық жоспарланған шараларды толық көлемде орындау қажет. Сондай-ақ, жеке құрамды сабаққа барынша тарту, қауіпсіздік шаралары мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды мүлтіксіз сақтау маңызды мәселелер болып табылады.
Әскери-теңіз күштерімен бірлескен оқу-жаттығу туралы ақпараттар ұсынылды. Онда 18 бен 24 мамыр аралығында қазақстандық әскери теңізшілер мен ұшқыштар Ресей Федерациясы Каспий флотилиясымен бірлесіп Каспийдегі экономикалық қызметтегі объектілерді қорғау бойынша жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындады.
Қорғаныс ведомство басшысына бұдан өзге, Арыстағы америкалық өкілдерінің жұмыс қорытындысы да баяндалды. Мұхиттың арғы жағындағы мамандар Марк Тобайас пен Грегори Форд – отставкадағы әскерилер. Олардың 20 жылдан астам тәжірибесі бар. EOD (Explosive Ordnance Disposal – жарылғыш заттарды залалсыздандыру) саласында 50-ден астам елде қызмет атқарып, қазіргі уақытта сараптамалық іс-әрекеттерін жалғастыруда.
Арыстағы екі апталық жұмыстың қорытындысы бойынша сарапшы мамандар қазақстандық саперлердің қызметіне баға беріп, олардың 2 жылда алған тәжірибелерін атап өтті, сонымен қатар, бірқатар кеңестерімен бөлісті.
Аталған кеңес барысында 2019 жылдан бастап Қазақстандық тараптың шақыруымен Арыс қаласына Ресейден, АҚШ пен Тәжікстаннан өкілдер келгені атап өтілді.
Сонымен қатар, баяндау барысында инженерлік-саперлік бөлімшелердегі әскери қызметшілердің және EOD (жарылғыш заттарды залалсыздандыру) саласындағы әскери мамандардың қызметіндегі әдістемелік ерекшеліктерге назар аударылды. ТМД аумағында бұндай мамандарды дайындамайды. Осы орайда, EOD саласындағы жоғары санаттағы отандық әскери мамандардың даярлық ауқымын кеңейту тапсырылды.
Бұдан басқа, инженерлік-саперлік бөлімшелер Минаға қарсы қызметтің халықаралық стандарттарын (IMAS) жетік меңгеріп, оны жұмыстарында басшылыққа алу керек. Осы мақсатта жуырда арнайы оқу құралдары әзірленетін болады.
Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы ел Президенті вакцинациялау тапсырмасын іске асыру барысы туралы атап өтті. 2021 жылғы 24 мамырдағы жағдай бойынша жеке құрамның 92% екпе алды. Бұл шара армиядағы COVID-19 ахуалын бір қалыпқа келтіруге ықпал етті. Өткен аптада топтық сырқаттану орын алмады, ал есептік кезеңде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 60%-ға азайған.