"Әліппені" бағалау критерийлері өзге тілден аударылғандай әсер қалдырады – Ж.Әшімжанов
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа "Әліппе" және "Ана тілі" оқулығына қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Депутат атап өткендей, бастауышта сауат ашудың әліппе кезеңін дұрыс қалыптастырып, ғылыми негізде жетілдіру аса маңызды.
Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Қолыңдағы әсем кітап "Әліппең" – аяулы ана тіліңнің мөлдір бастауы, білім шыңына жол ашар ақылшың", - деген сөзі оқулықтың бірінші бетіне ойып жазылған еді. Біз білімнің іргетасы саналатын сол "Әліппеден" еш негізсіз бас тарттық. Арадағы "Әліппесіз" өткен жылдар сол қадамның үлкен қателік болғанын анық көрсетті. Оқу саласы онсыз да оңбай тұрған еді, 2019 жылдың соңында Экономикалық Ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (EA) білім беру саласындағы үш халықаралық салыстырмалы зерттеудің нәтижелерін жариялады. Қазақстан PIAAC (Ересек халықтың оқу, математикалық сауаттылығын және АКТ дағдыларын халықаралық бағалау бағдарламасы), PISA (15 жастағы білім алушылардың математикалық, жаратылыстану ғылыми және оқу сауаттылық деңгейін бағалау бағдарламасы), ICILS (8-сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылығын халықаралық зерттеу) ұйымдарының зерттеуі бойынша үшеуінде де аутсайдер болды.
Осы орайда, ұлттық тәрбиеге баса назар аударды міндеттеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және кәсіби оқулық әзірлеуді қатаң тапсырған. Білім және Ғылым министрі жаңа әліппе А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленетініне бүкіл халықты сендірді. Және бүкіл қоғам күтіп отырған жаңа "Әліппе" білім беру жүйесіне Байтұрсынұлының салған ізімен қайта оралады деген сенімде. Ата-аналар ұрпағының тәрбиесіне қатты алаңдаулы. Биыл 400 мыңға жуық алты жасар бала мектеп табалдырығын аттамақ. Жоғалып табылған "Әліппе" – бүлдіршіндердің ғана емес, барша ата-ананың қуанышы. Бүгінде сол қоғам бақылауындағы оқулықтардың жай-күйі қалай? "Әліппе" әзірлеу жобасына қанша еңбек түсті? "Әліппе" мен "Ана тілін" кімдер және қалай жазып жатыр? Ашықтық пен бәсеке қай деңгейде? Қандай критерийлермен бағаланды? Оқулыққа тапсырыс беруші кім? Озық оқулықты анықтайтын министрлік жанынан құрылған арнайы сараптамалық комиссия қалай жасақталады? Қандай мамандардан құрылған? Бұл комиссияға баспалардың "бармақ басты, көз қысты" ықпалы жоқ па? Оқулық пен оқу-әдістемелік кешенінің жобасын әзірлеп, баспаға тапсыру жауапкершілігі неге тікелей министрліктің құзырында емес?". Осы сауалдарымызды министрдің өзіне жолдағанбыз, алайда орынбасарынан келген жауаптар көңілден шықпады.
Жалпы, "Әліппемен" қатар енгізілетін басқа да жаңа оқулықтардың дайындығы мен сапасының жай-күйі туралы ата-аналар тарапынан сұрақ көп. Мәселен, 1-сыныпқа арналған өзге оқулықтарда өзара пәнаралық байланыс жоқ. Әлі әріпті өтпей жатып, "Жаратылыстанудан" суретті мәтінге жалғауды қалай түсінуге болады? Оқи алмайтын бала суретте қандай сөз жазылып тұрғанын қайдан біледі? Тіпті, "Әліппе" оқулығын бағалау критерийлері өзге тілден аударылғандай әсер қалдырады. Сонымен қатар, ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында "Әліппе" пәні А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде латын графикасымен оқытылады" делінген. Бұл да балаларға аз салмақ болмайын деп тұр... Жалпы, "Әліппе" мен "Ана тілі" оқулықтарының тағдыры әлеуметтік желідегі қолдан ұйымдастырылған дауыстар мен бес-алты жүз адамның басқан "лайк" арқылы лайық деп танылмау керек. Жас ұрпақтың санасына сәуле құятын оқулық сапасы – бірінші кезектегі ұлттық жауапкершілік. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдеріне дайындалатын оқулықтардың сапасы мен идеологиясына қатысты мәселе де аз емес.
Ел назарын аударған "Әліппе" мен "Ана тілі" оқулығының маңыздылығын ескере отырып, мына жайттарды ұсынамыз: бірінші, озық деп танылған оқулықты арнайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейінде кеңейтілген алқаның (кәсіби мамандар, депутаттар, қоғам қайраткерлері, ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған) ашық талқысынан өткізу керек.
Екінші, 1-сыныпты оқытатын мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында арнайы іс-шараларды қолға алу керек.
Үшінші, "Әліппеден" "Ана тіліне" өтетін кезеңдегі бірізділік сабақтастығын терең игеру үшін мұғалімдерге жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет.
Төртінші, базалық оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан өткізу, басып шығару ісі, ұйымдастыру шараларын ашық өткізу құзіретінің барлығы Үкіметте немесе Білім және ғылым министрлігінде болуы керек.