Арал ауданының әкімі тағайындалды
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Арал аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Арал ауданының әкімі лауазымына Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жаңа аудан әкімін Арал ауданында өткен жиында таныстырды.
Серік Сермағамбетов 1965 жылы Қазалы ауданында туған. Алматы халық шаруашылық институты экономист, Гумилев атындағы Евразия университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Балық шаруашылығы министрлігінің материалдық-техникалық жабдықтау орталық базасының аға экономисті болып бастаған.
1991-2018 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратында аға инспектор, Қызылорда қаласы әкімінің қаржы шаруашылық басқармасының бастығы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы, Жалағаш ауданының әкімі. Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.
2018 жылдан бастап осы кезге дейін «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келді.