Алматыдағы балалар колониясында 49 бала ұсталуда
Алматы қаласындағы балалар колониясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын салтанатпен аталып өтілетін жарқын мереке. Республикадағы жасөспірім балалар жазасын өтейтін жалғыз колонияда қазіргі таңда 49 бала ұсталуда. Оның ішінде 36 бала аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, 13 бала ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған, деп хабарлайды zakon.kz.
Сотталған жасөспірімдердің арасында 14-16 жас аралығында 2 бала болса, 16-17 жастағы 14 бала бар. Сондай-ақ 17 мен 18 жас аралығындағы 18 бала, он сегіз жастан үлкен 15 бала жазаларын өтеуде. Ойнақтап жүріп от басқан жасөспірімдердің бүгінгі жанашыры да, ата-анасының орнындағы қамқоршылары да – мекеме қызметкерлері. Жазалы балалардың тәрбиесімен айналысатын мамандар жыл сайын балалар күнін айналаны думанға бөлеген мерекеге айналдырып, алыстан келген ата-аналар үшін "Ашық есік" күнін өткізетін. Балалар ата-аналарымен, бауырларымен қауышып, сағыныштарын басатын.
– Қазір әлемді жайлаған пандемияға байланысты соңғы екі жылда "Ашық есік" күнін өткізу мүмкіндігі болмады. Бірақ балаларға таксофон арқылы ата-аналарымен, туыстарымен хабарласуға ешқандай шектеу жоқ. Жазалы балалардың тәрбиесінің нәтижелі болуына олардың ата-аналарының да тигізетін ықпалы зор. Сондықтан біз онлайн байланысқа қайта өзіміз қолдау көрсетіп, қажет болған жағдайда олармен өзіміз де хабарласып отырамыз,-дейді ЛА-155/6 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Мирас Толубаев.
Сондай-ақ 1 маусым күні түзеу мекемесіндегі 9-шы және 11-шы сынып оқушылары емтихан тапсырып, эссе жазады. Жуырда ғана соңғы қоңырау болған мектепте енді оқушылар үлкен өмір жолына бағдар болар құжаттары – орта мектепті бітіргендері туралы аттестат алар күн де алыс емес. Бір қуантарлығы – оқушылар арасында әдебиет пен өнерге де жақын балалар көп. Олар осындай мерекелік шаралардың көңілді өтуіне барынша атсалысып, салтанатты сәттерді өнерлерімен өрнектейді.
– Мен бостандықта жүргенде қылмыс жасап, өз тағдырымды өзім тас талқан еттім. Сот залынан шыққанда "Енді менде ешқандай болашақ жоқ" деп түңіліп шыққан болатынмын. Балалар колониясына келгенде өзімді жылы жүрекпен, үлкен мейіріммен қарсы алған қызметкерлерді көріп, өмірге деген құштарлығым артты. Бізбен арнайы психологтар, тәрбиешілер жұмыс істейді, жарқын болашаққа жол сілтейді. Мереке сайын сый-сияпат пен көңілді күй сыйлайды. Мен колонияда жүріп мамандық алдым. Ендігі арманым – бостандыққа шыққан соң адал еңбек етіп, мүмкіндік болса өзімнің жеке кәсібімді ашу. Менің осы ойымның жүзеге асуына қазір маған сабақ беріп жүрген ұстаздарым, жасақ бастықтары мен тәрбиешілер жігер беруде. Болашақта олардың сенімін ақтауға тырысамын, дейді Шығыс Қазақстан облысынан келген Алексей.
Ол 7 жыл 6 айға сотталып, аталған колонияға 2017 жылы келген болатын. Ата-анасы болса да, қолайсыз отбасында тәрбиеленген Алексейдің арманының орындалуына мекеме қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетуде.
Биыл індеттің алдын алу мақсатында колонияға кіретін кәсіпорындарға да шектеу қойылды. Мереке күні тек "Алматы азық-түлік" және "Сабыржан" компаниялары түзеу мекемесіндегі балаларға сый-сияпат жасап, қуанышқа бөлейтін болады. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында эстафеталық ойындар сайысы, қол күрестіру, жылдамдыққа жүгіру, устел теннисі сияқты ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жасақ аралық футбол ойыны болады.