Бұрын Ресейді жағалаған мигранттар Қазақстанға келе жатыр
Орталық Азия елдеріндегі еңбек мигранттары Ресейге әуе билеттері мен жұмыс патентінің қымбат болуына байланысты Қазақстаннан жұмыс іздестіруге мәжбүр, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстанның шығысындағы Қоқан қаласында тұратын еңбек мигранты Дилшодбек он жыл бойы Ресейде жұмыс істеді. Қазір ол Қазақстанға жолға дайындалып жүр.
Қазақстанда айлық әлдеқайда аз, дегенмен шығынның бәрін есептеп қарасаңыз, Ресейдегімен шамалас болып шығады. Бір туысым мамырда Ресейге жұмысқа тұру үшін әуе билетіне шамамен 600 доллар, жұмыс патентіне тағы 300 доллар төледі. Қазақстанға бару арзанырақ, - дейді ол.
Қазақстанда еңбек мигранттарына сұраныс бар. Жергілікті тұрғындар қара жұмысқа барғысы келмейді. Республиканың кейбір аймақтарындағы жұмыс берушілер көрші елдердің еңбек мигранттарының жолкүреңін төлеп берген.
Мамырда Атырау облысының билігі Өзбекстаннан 600 адамды ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысқа алды. Бір ай бұрын Атырау билігі 70 өзбек мигрантын алдыру үшін арнайы чартерлік рейс жалдаған. Олар аула сыпырушы болып орналасқан.
Атырауда ғана емес, Қазақстанның тағы бірнеше өңірінде былтыр жұмыс күші жетіспеген.
Мигранттар жұмысты жақсы істейді. Жергілікті тұрғындар бастаған істі аяғына дейін жеткізбейді. Жұмыстан шығып кетеді, бір күн істеп ертесіне жұмысқа шықпай қояды, - дейді атыраулық кәсіпкер Ақтұрлан Ерманов.
Атырауда аула сыпырушылар айына шамамен 330 доллар айлық алады. Қала әкімдігі оларға арнайы жеңілдіктер берген. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ауыл шаруашылығындағы мигранттар шамамен 235 доллар айлық алады.