Екпе салдырту кезегі ҚТЖ-ның теміржолшыларына жетті
"ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның мыңдаған адамдардан тұратын ұжымы Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина салдыруда. HR – блогы қызметкерлерінің болжамы бойынша ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін компанияның 70% қызметкерлері екпе салдыруы керек, деп хабарлайды zakon.kz "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда компанияның 40 мыңға жуық қызметкері екпе салдырды. Бұл ретте екпе алғандардың пайызға шаққандағы үлесі 34,2 % болды.
Вакцинаны тек ірі облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар шағын станцияларда да салдыруға болады. Бірінші кезекте адамдар көп шоғырланатын жерде жұмыс істейтін және пойыздар қозғалысын қамтамасыз ететін теміржолшылар екпе алады.
Әдеттегідей вакцинация өндірістен алыстамай, станциялар мен деполардағы медициналық кабинеттер базасында жүргізілуде.
Екпе салар алдында жұмысшылардың денсаулығын дәрігер-терапевт тексеріп, екпе салуға болатындығы немесе болмайтындығын анықтайды.
Сонымен қатар темір жолды вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Ел аумағындағы теміржолшылар дәрігерлермен бірге өткізілетін "Сovid-19-ке қарсы екпе" атты онлайн кездесулерге қатысады.
Екпе салудан алда келе жатқан аймақтар қатарында Шымкент, Алматы, Тараз, Қызылорда және Көкшетау бар.