Алматыда белсенділер Байболат Күнболатұлын босатуды талап етті
24 маусымда Алматыда 30 шақты адам Медеу аудандық полиция басқармасының алдына жиналып, екі күн бұрын қамалған белсенді Байболат Күнболатұлын бостандыққа шығаруды талап етті, дейді centralasian.org.
Осы аптада Алматы соты Қытай консулдығы алдында "заңсыз пикет ұйымдастырды" деп айыпталған Байболат Күнболатұлын 15 тәулікке қамаған еді.
Бейсенбі күні полиция ғимараты алдында жиналғандар арасында Күнболатұлының туыстары, Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, пикет өткізіп жүргендер, белcенділер болды. Олар "Бостандық!" деп айқайлады.
Наразылардың алдына шыққан полиция қызметкерлері оларға Күнболатұлының басқа жақта әкімшілік жазасын өтеп жатқанын айтып, талаптарының "орынсыз" екенін айтты. Прокурор келіп, жиналғандарға ескерту жасады. Бірақ жұрт тараудан бас тартты.
Оқиға кезінде Байболат Күнболатұлының анасының жағдайы нашарлап, жедел жәрдем көлігі шақыртылды.
Оқиғаны ондаған полиция қызметкері бақылап тұр.
Бұған дейін Күнболатұлының туыстары оны ұстаған кезде полицияның күш қолданып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан еді. Бірақ полиция қызметкелері ақпаратты жоққа шығарған.
Жиналғандар оқиға орнында президент Қасым-Жомарт Тоқаев, БҰҰ-ға жолданатын хатқа қол жинады. Олар Қытай консулдығы алдында Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендердің қудалануына шағымданып, олардың құқықтарын қорғауды сұрамақшы.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында 4,5 айдан астам уақыттан бері пикет өткізіп жүргендер Қазақстанда өздерінің қудалана бастағанын айтады. Олардың көбі кемінде бір-екі рет әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл алып үлгерді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін "дипломатиялық арналар арқылы бірнеше қазақты елге қайтаруға күш салып жатырмыз, қалғаны Қытай азаматы болғандықтан көрші елдің ішкі ісіне араласа алмаймыз" деп шарасыздық танытқан. Ал Қытайдың Қазақстандағы елшісі наразылар босатуды талап еткен кейбір азаматтардың Қытай заңын бұзғанын алға тартқан.
Ал наразылар туыстарының "негізсіз айып бойынша" (намаз оқу, құлшылық ету т.б) қамалғанын, жазықтан-жазықсыз түрмеде отырғанын алға тартады.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.