Күндіз келіңдер! Тараздықтар тығылып той жасап жүр
Таразда бір тәулікте 25 той-жиын анықталып, тоқтатылды. Пандемия өршіп, карантин шаралары қатаңдатылғанымен, тұрғындар тығылып той жасауды тоқтатар емес. Шаһардың қызыл аймаққа кіргені де көпшілікке кедергі болмай тұр, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қазір Тараздағы тойлардың дені көбіне күндіз өтеді. Мына ресторан бір қарағанда жабық болып көрінгенімен, дәл қазір мүнда 500 адам той тойлап жатуы әбден мүмкін. Қонақтар ғимаратқа артқы есіктен кіргізіледі, терезелердің барлығы қараңғылынған, сақтық шаралары мейлінше күшейтілген. Тек, бұл сақтану қауіпті дертті жұқтырып алмайық деген әрекет емес, тексерушілердің қолына түсіп қалмаудың амалы.
Ұлан-асыр мына тойда маска тағу, арақашықтық сақтау деген атымен жоқ. Карантинге қарамастан, қуаныш иесін құттықтауға 200-дей адам жиналған. Қонақтар дастарханға жайғасып, емін-еркін көңіл көтеруде. Тексеруші топтың мүшелерін елеп жатқан жан жоқ. Бір той иесі тексерушілерді балағаттап, жағасынан алды.
Мұндай жағдай жиі боп тұрады дейді қоғамдық бақылау тобының мүшелері. Қорқытып, балағаттап, жұдырық ала жүгіретіндер де кездеседі екен. Той жасағаны үшін жауапкершілікті қатайту қажет дейді қоғам белсенділері.
Айжан Әуелбекова, қоғамдық бақылау тобының мүшесі:
Көбінесе той иелері қашып кетіп, администраторларды, ресторан басшыларын қалдырып кетеді. Көбінің айтуы бойынша тойдың бағасына штрафтың да сомасы кіреді. Сондықтан, ресторан басшыларына, администраторларға айыппұл салу қорқынышты жағдай емес.
Ал тойхана иелері тапсырыс қабылдауға амалдың жоқтығынан барып жатқанын айтады.
Қазіргі жиын-тойлар тек ресторан ғана емес, жалдамалы үйлерде, кішігірім дәмханаларда да өтетін болған. 10 ай ішінде тараздық кәсіпкерлерге 90 миллион теңгеден астам айыппұл салынса да тойханалар тірлігін тоқтатуға асығып отырған жоқ.
Рита Алтынбасова, Тараз қаласының бас санитар дәрігері:
Оның ішінде 21 дәмхана бойынша біз сотқа жібердік. Оның шешімдері шықты. Әкімшілік кодекстің 421 бабы,1 тармағы бойынша айыппұл салынады. Егерде ол шағын бизес болса 230 АЕК бойынша айыппұл салынады, ол дегеніміз 670 910 теңге.
Аймақтағы ахуалдың күрделене түсуіне байланысты 3 тамыздан бастап шаһардағы карантиндік шаралар қатаңдатылады. Енді көпшілік орындарда жүріп-тұру тіптен қиындай түспекші. Талап күшеймей, дертті жеңіп шығу мүмкін емес дейді мамандар.