Ақтөбеде шалғынды көбелек құрты қаптап кетті
Құрттан көрген қорлыққа енді көбелек қосылды. Бір аптадан бері ақтөбеліктер шалғын көбелекпен алысып әуре. Жәндіктің көптігі сонша, тұрғындар үйінің есік-терезесін ашудан қалған. Бұл не: аномалия ма, әлде зиянкестерді улауға жауапты мекемелердің салғырттығы ма? Шенеуніктер неге көбелектің көзін құрту қисынсыз деп санайды? Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Үйді де, түзді де жайлап кеткен жәндікпен әркім өз бетінше күресіп жатыр. Бірақ, қап-қара көбелектің азаятын түрі жоқ. Жәндік жарыққа үйір. Қас қарая электр жарығы бар жерге үймелесе, талтүсте осылай күн көзін іздейді екен. Екі апта бұрын шаруалар даладағы егістікті отап тастады деген жұлдызқұрт көбелекке айналып, енді қаладағылардың есін шығарып жатыр.
Айжан Құрмантаева, тұрғын:
Уламаса анау балалардың құлағына кіріп кетер. Кім біледі улы зат па, не зат екенін ешкім білмейді.
Лида Мұхамбеталина, тұрғын:
Менің занавескам үйде қап-қара болып тұр. Мынаусы несі деймін. Алдында терезем ашық қалған ғой. Қаптап тұр, ұрдым, шығады шығар деп, қайдағы, бір уыс алдық ғой.
Тұрғындар бұрын-соңды мұндайды көрмегендерін айтады. Қап-қара жәндіктің кесірінен емін-еркін далаға шығуды да қойған. Шалғын көбелектер енді даланы қойып, көпқабатты үйдің подъездіне кіріп жатыр. Тұрғындар жәндіктердің әсіресе аптаптан соң қаптап кеткенін айтып отыр. Мынадай тұнып тұрған көбелектің кесірінен есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр.
Шалғын көбелек немесе шатырқанат аталатын бұл жәндіктер әр он жыл сайын осылай көбейіп тұрады екен. Жауын, аптап оның көбеюйіне нағыз қолайлы орта болып тұр. Көбелекті дәл қазір улап, көзін жою тиімсіз дейді мамандар. Қауіптісі оның жұлдызқұрты. Себебі, салған жұмыртқасы тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында құртқа айналады. Сондықтан, улау жұмыстарын қолға алған жөн.
Асылхан Әбтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Зиян келтіретін тек жұлдызқұрты, гусеницы дейміз ғой. Егер де тұрғындар, дачный коллективтегілер өз есебінен уласа, оларға субсидия қарастырылмаған. Субсидия қарастырылғаны тек шаруа қожалықтары. Олар міндетті түрде егістік жер немесе пастбище болуы керек.
Қазір облыс аумағындағы 18 мың га жер демеушілердің көмегімен уланса, ал 18 мың га аумақты шаруалар өз күштерімен өңдеген.