Мемлекеттік білім гранты иегерлері белгілі болды
2021-2022 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, Қазақстан студенттерінің Альянсы және "Отандастар" қорының өкілдері болды.
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 75 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Биыл "Білім беру" және "Денсаулық сақтау", сонымен қатар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құқық, дизайн, менеджмент білім беру бағыттары сұранысқа ие.
Грантқа үміткерлер арасында 8 мыңнан астам "Алтын белгі" иегерлері, 800-ден астам халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың 520 жеңімпазы бар. Ұпайлар тең болған жағдайда, олардың басым құқығы болды.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік осал санаттағы балаларға алғаш рет квоталар бөлінді. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.
Сонымен қатар тиісті квота бойынша гранттарды жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері алды. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде артықшылыққа ие болды. Мәселен, егер педагогикалық мамандықтарға 11 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, олардың мыңнан астамына жеңілдігі бар санаттағы азаматтар ие болды, — деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, өткен жылы 51 мың грант бөлінсе, биыл 56 мыңға дейін ұлғайды. Ендігі кезекте мемлекеттік білім гранты иегерлері оқуға қабылдану үшін құжаттарын жоғары оқу орындарына 25 тамызға дейін тапсыруы тиіс.
Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін мына сілтемеден жүктеуге болады.