Қорғаныс министрі Ермекбаев қызметінен кетуге дайын
26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жұма күні билік жарылыстан 4 адам қаза тауып, 60-тан астам адам зардап шеккенін, бірнеше кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Азаттық сұрағына жауабына Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді.
Жамбыл облысындағы төтенше оқиғадан кейін Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуді ұйғарған. Ермекбаев бұл шешімін Азаттыққа жұма күні өткен баспасөз мәслихатынан кейін мәлімдеді. Ол жиында қорғаныс министрі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылыстан 4 әскери қаза тауып, ондаған адам жараланғанын және бірнеше кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған еді.
Азаттық: Бұл сіз министр болып тұрған кездегі екінші жарылыс қой. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде сіз жайлы "отставкаға кетсін" деген талаптар айтылып жатыр. Оған не деп жауап бересіз?
Нұрлан Ермекбаев: Менің қазіргі басты мақсатым - тез арада апат салдарын жою. Ал отставка мәселесі туралы айтар болсақ, мен осы [жарылыс болғаны туралы] хабарды естігеннен кейін бірінші минутта отставкаға кетуді сұрап өтініш беремін деген шешім қабылдадым. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді.
Азаттық: Демек осы мәселе шешілгеннен кейін отставкаға кететініңіз анық па?
Нұрлан Ермекбаев: Мен [өзімді отставкаға жіберуді] сұраймын. Ал қалай болады, оны жоғарғы басшылық біледі.
Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, әскери қоймада жарылған оқ-дәрілер осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінген.
2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді. Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған.
Биыл 26 шілдеде Шымкент қаласындағы әскери бөлімде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім шыққан еді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялап, әскери қоймадағы оқ-дәрілерді елдімекендер төңірегінен алып кету жөнінде тапсырма берген.