Алматы облысында локдаунда жұмыс істейтін жалғыз базар бар
Локдаунда барлық қатаң талапты ысырып қойып, саудасы қыз-қыз қайнаған Алматы облысындағы базарда кісі құжынап жүр. Жаңа оқу жылына балаларын киіндіргісі келген қала мен облыс тұрғындары түгел Қарасай ауданындағы базар мен моллға ағылған.
"Санитарлық талаптардың сақталуын тексеріп жатқан жан жоқ. Келушілердің көптігінен "Ashyq" көшбасшысы мәртебесіне ие нысанда жұрттың QR-кодтың сканерленуін, олардың бетперде таққанын қадағалауға қауіпсіздік қызметінің мұршасы жоқ. Демалыс күні жұмыс істеп тұрған сауда орталығында жұрт сеңдей соғылысуда. Есік алдында тұрған күзетшілер келушілерді күтіп алып, барынша тексеріп кіргізуде. Алайда қапылыста жұрттың дене қызуы мен бетпердесін түгел тексеру мүмкін емес. Сауда-ойын сауық орталығына жұртшылық ашық қосымшасы арқылы бетперде тағып қана кіргізіліп жатыр. Демалыс күндері болғандықтан сыртта тұрақта көлік қоятын орын, іште адам санында шек жоқ. Әсіресе балаларын мектепке дайындап жатқан ата-ана киім-кешек дүкендеріне қарай ағылуда" деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қымбат Сәтпаева, Алматы облысының тұрғыны:
- Ата-ананың барлығы сол. Балаларға киім қарап жүр болды. Бір аяқ киім, бір туфлидің өзі 24 мың. Ең арзаны - 11 мың теңге. Мен мысалы 3 балаға киім алуым керек. Сауда үйлерінің барлығы ашық тұру керек еді негізінде. Басқа күндері істемесе де, осындай демалыс күндері мектепке қарсы торговый центрларды ашу керек еді.
Жанындағы базар да өз қазанында қайнап жатыр. Саудагерлер халыққа сақтық шараларын сақтауды талап етпестен, саудалары жүргеніне мәз секілді. Базардағы жағдай да осы тектес. Қарашаның көптігінен аяқ шаншыр орын жоқ. Ең сорақысы мұнда карантин талаптарын елеп жатқан бірде бір жан көрінбеді. Арақашықтық сақтамағанды былай қойып, бетперде тақпастан өріп жүр. Ал жабық орналасқан базар ырымын жасап, есік аузына "Ashyq" қосымшасын орнатып қойған. Бірақ қараша елеместен ішке қарай бас сұғуда.
Базар әкімшілігі жұртшылықтың демалыс күндері жоғын түгендеуге көмектесіп отырған жалғыз ғана ашық базар екенін айтады. Алайда қаптаған халықты қадағалау мүмкін емес дейді.
- Балаларға киім алуға келдім. Бірақ адам көп. Өте көп. Енді жүріп-тұру невозможно. Карантиннің ешқандай шаралары сақталмаған бұл жерде. Иә бүгін ғана келіп тұрмын. Өйткені басқа күндері мұндай адам көп болмайтын.
Біреу локдаунға жабылған қаладан амалдың жоқтығынан оқу жылы алдындағы соңғы демалыста форма мен оқу құралдарын алуға келсе, енді бірі еріккеннен қала іргесіндегі осы ойын-сауық орталығында серуендеп жүр.
Іші сыртында құжынаған адамдар мен көліктердің кесірінен, Райымбек даңғылының бойынан Қаскелеңге дейін ұзын-сонар кептеліс пайда болды.