ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы тағайындалды
Конкурстық іріктеу негізінде Шығыс қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы лауазымына Нұрболат Ахметжанов тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Нұрболат Қадырұлы Ахметжанов 1963 жылы Шар ауданы Ақжал ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі "Концерттік орындаушы", "Оқытушы", "Құқықтану бакалавры". Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
1990-1998 жж. Павлодар облыстық филармониясында концертмейстер, оркестр директоры, оркестр әртісі, С. Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық институтында педагогика және музыкалық-эстетикалық тәрбие беру кафедрасының оқытушысы қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік қызметтегі өтілін 1998 жылы Павлодар облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары ретінде бастаған.
2002-2006 жж. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде халық шығармашылығы және аймақтық саясат басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппараты заң бөлімінің бас консультанты лауазымдарында қызмет атқарған.
2006-2014 жж. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде өнер департаменті директорының орынбасары, мәдениет және тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.
2015-2017 жж. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер жұмыстары жөніндегі департаменті директорының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған.
2017-2020 жж. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны тарихи-мәдени обьектілердің сақталуын қамтамасыз ету және инновациялық даму жөніндегі директор орынбасары, директоры болды.
2020 жылдың маусым айынан бері "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы қызметінде болды.