Nur Otan өз депутаттарының игі істерімен бөлісті
"Nur Otan" партиясы әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында қазақстандықтарға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын таныстыруды жалғастыруда. Олардың көпшілігі түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қайырымдылықпен және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдаумен айналысады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Солардың бірі – партияішілік праймериздердің жеңімпазы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егамбердиева. Белсенді азаматтық ұстанымына сүйене отырып, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ноттингем университетінің түлегі қысқа уақыт ішінде көптеген игі істер атқарды.
Ол өз есебінен Сайрам аудандық ауруханасына өкпені жасанды желдету аппараты мен 10 оттегі баллонын сатып алды, 20 мың медициналық маска таратты. Сондай-ақ ол "Бақытты отбасы" партиялық жобасы аясында 112 мұқтаж отбасын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз етті.
Партияның тағы бір өкілі – Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Динара Шүкіжанова. Ол еңбек жолын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіндегі "Nur Otan" партиясының аудандық филиалында бастап, содан кейін "АгромашХолдинг KZ" АҚ ауысты.
Оның бастамасы бойынша холдинг сатылған әрбір комбайннан ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейімдейтін балалар лагеріне ақша аударады. Ол инженер мамандарды оқыту үшін корпоративтік университет ашуға бастамашы болды. Сонымен қатар, кәсіби қызметінен бөлек Қостанай қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына көмектесіп, қайырымдылықпен айналысады.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Дженалаева да партиялас-әріптестерінен қалыспайды. Карантин кезінде ол елордадағы 500-ден астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыны азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, билеуші партияның депутаты Жаңаөзен қаласындағы гемодиализ орталығын заманауи жабдықтармен жарақтандыруға көмек көрсетті.
Ақтөбе қалалық мәслихатындағы "Nur Otan" партиясының депутаты Ардақ Өтегенов "Қарғалы" тұрғын алабы мен Сарбаз ауылын бау-бақша ұжымымен жалғайтын 80 метрлік аспалы көпір салды. Ол аудандарды аралап жүріп, тұрғындар өзеннің арғы бетіне өту үшін қандай қиындық шегіп жүргенін көрген. Бұл мәселені шешу үшін нұротандық депутат сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай келетін берік көпір тростарына тапсырыс беріп, екі жағынан тереңдігі 4 метр шұңқырлар қаздырып, монолитті бетонмен құйдырды.
Біздің барлық тіршілік көзіміз арғы бетте. Қаламен байланыс, автобус аялдамалары, дүкендер де сонда. Күнделікті нанымызды сатып алу үшін де сол ескі көпірден өтетінбіз. Ал оның сапасы көңіл көншітпейтін. Сондықтан да біз ескі көпірден өзен суы таяздап, тыныштағанда ғана өтіп жүрдік. Осындай игі ісі үшін депутатқа алғысымыз зор, - деді "Гауһар" бау-бақша ұжымының 64 жастағы тұрғыны Тамара Мұхамбетиярова.
Еңбек жолын қарапайым жүк тиеушіден бастаған "Nur Otan" партиясы Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға Жауымбаев 2006 жылы өзінің "Қара-Бура" ауыл шаруашылығы кәсіпорнын ашты. Ауылдастарына үнемі қол ұшын созып келе жатқан ол, карантин кезінде жалғызбасты қарттарға 100 мың теңгден қаржылай көмек көрсетіп, мыңнан астам мұқтаж отбасыға дәрі-дәрмек жеткізді.
Өз кезегінде, праймеризге белсенді қатысқан Алматы облыстық мәслихатының депутаты Бекет Әбішев аз қамтылған 11 көпбалалы отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Ол осы отбасыларға арнап өз қаржысына Қарасай ауданында үй салды. Өзі спортшы депутат туған ауылында әуесқой футбол клубын ұйымдастырды, күреспен айналысу үшін арнайы зал жабдықтап, сонымен қатар, округтегі алғашқы көкпар командасын жасақтады.
Партия тағы бір мысал ретінде Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, ерекше балаларға арналған көмекші мектеп-интернатының директоры Жадыра Таңатарова туралы деректермен бөлісті. Көпбалалы ана депутаттық қызметтен бөлек, қайырымдылықпен айналысып, мұқтаждарға азық-түлік себеттерін тарату, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы жабдықтар сатып алу акцияларын ұйымдастырады. Депутат тұрмыс-тіршілігі қиын 500-ден астам отбасына көмектесті.
Еске сала кетейік, қыста өткен сайлаудың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы "Nur Otan" фракциясының құрамы 65%-ға жаңарды.
Билеуші партия атынан сайланған депутаттардың орташа жасы 6 жылға жасарып, 45 жасты құрады. Әйелдер саны 11-ден 30%-ға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар саны 16-дан 23%-ға дейін артты.