Ертең "өнер және ойын-сауық" секторы мамандарына сұраныс азаяды
Қазақстанда 2040 жылға қарай 239 жаңа мамандық пайда болуы мүмкін. Бұл туралы LS-ке еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, мұнай-газ, тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс сияқты салаларда жаңа мамандықтар пайда болады.
Оның ішінде 2026 жылға қарай 3D-баспа шебері, ауқымды деректердің сәулетшісі, digital-технолог, пилотсыз ұшу аппараттарының операторы, жұмыс процестерін 3D-модельдеу жөніндегі мамандар орта толтырып, сұранысқа ие болады.
Салалар бөлінісінде кадрлардың басым бөлігі білім беру саласында – тағы 191,9 мың адам (18%), өңдеу өнеркәсібінде – 105,6 мың (10%), сондай-ақ, ауыл шаруашылығында – 87,4 мың адам (8%) қажет болады.
Жалдамалы еңбекке жиынтық сұраныстың ең азы "қаржы және сақтандыру" секторларында – 9,9 мың адам (1%), "өнер және ойын-сауық" секторларында – 11,8 мың (1,1%), сондай-ақ, электрмен және энергиямен жабдықтау саласында 12,1 мың адам (1,2%) болжанады.
Сонымен қатар, 2025 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын одан әрі біртіндеп арттыруды ескере отырып, еңбекке қабілетті жастағы халық саны 11,8 млн адамнан басталатын болады. Бұл 2020 жылғы деңгейден 5%-ға артық. Алайда, алдағы жылдары еңбек нарығына жастардың ағылу қарқынының төмендеуін күтілуі мүмкін. Бұл ретте зейнеткерлік жас алдындағы жұмыскерлердің үлесі өспек.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жұмыс орындарының жартысынан көбі (52%) автоматтандырудың жоғары немесе елеулі тәуекеліне ұшырайды, бұл экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бойынша (47%) және көршілес Ресей (47%) бойынша орташа деңгейден жоғары. Осыған байланысты көпшілігі өз дағдылары мен жұмыс әдістерін жетілдіруге мәжбүр болады. Алайда, 25-64 жас аралығындағы Қазақстанның ересек халқының 26%-ы уақыттарының тым көбі жұмыста өтетінін айтып, қосымша білім ала алмайтындарын айтса, азаматтардың 25%-ы қосымша білім ала алмау себебін жағдайлары жоқтығымен түсіндірді.