Павлодар облысының Май ауданында әкім ауысты
Марат Ақтаевтың орнына келген Ағыбай Әмірин ауданды басқарады. Жергілікті активке жаңа басшыны Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов таныстырды, деп хабарлайды zakon.kz Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Май ауданын екі жылдан астам уақыт басқарған Марат Ақтаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа әкімге бірінші кезектегі міндеттерді іске асыруды тапсырды. Олардың қатарында ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру, бизнесті қолдау, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті дамыту, ауыл жастарына көмек көрсету және т. б. бар.
Ағыбай Әмірин 1972 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Павлодар педагогикалық институтын "Математика және информатика мұғалімі" мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер біліктілігі бойынша, ал 2013 жылы Инновациялық Еуразия университетін "Экономика және бизнес" және "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы Павлодар қаласындағы N3 гимназия-интернатында математика және есептеу техникасы пәнінің мұғалімі болып бастады. 1999 жылдан бастап Ақсу қаласының Куйбышев орта мектебінде сабақ берді және директордың орынбасары қызметін атқарды.
2003 жылы Ақсу қаласының құрамына кіретін Ақжол ауылының әкімі болып тағайындалды. 2006 жылы облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқармасына жұмысқа ауысып, кеңесші лауазымында қызмет етіп, кейін мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамалардың сақталуын бақылау бөлімін басқарды.
2012 жылы Павлодар облысы әкімі аппаратында ұйымдастыру-инспекторлық бөлімнің басшысы, 2014 жылы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылы Ақтоғай ауданының әкімі болып тағайындалды.
2018 жылы Павлодар облысы әкімінің аппаратына оралып, осы мемлекеттік мекемені басқарды. 2020 жылдан бастап аппарат басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2021 жылдың сәуір айында Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, экономика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына жетекшілік етті.