Nur Otan-ның жастар кеңесі жатақханалар мәселеcін қарады
"Nur Otan" партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов атап өткендей, сайлауалды бағдарламаға сәйкес жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға берілуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда тек 2500 орындық 12 студенттік жатақхананың құрылысы аяқталып отыр.
Өз кезегінде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы мен карантиндік шектеулердің кесірінен кестеден артта қалу орын алғанын айтты. Сондай-ақ ол жыл соңына дейін 7600 орын пайдалануға берілетініне сендірді. Жалпы, өткен жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген.
Жиын барысында Кеңес мүшелері өңірлердегі студенттердің өмір сүру жағдайларын да талқылады. Екі айдың ішінде жасотандықтар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп университеттер мен колледждерге тиесілі 126 жатақхананы тексерді. Жамбыл облысындағы Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің, Көкшетаудағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің және Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінің жатақханаларында талапқа сай келмейтін, өрескел жағдайлар тіркелді.
Отырыс қорытындысы бойынша Білім министрлігі жанынан студенттік жатақханалар құрылысын үйлестіру және бақылау жөніндегі жобалық кеңсе құру ұсынылды. Сондай-ақ, "Jas Otan" жатақханалардың жағдайы бойынша ЖОО мен колледждердің рейтингін жасауды қайта қолға алады.