Декларация ұсынғандар АҚШ, Испания және Буркина-Фасодағы үйін көрсетті
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінен өткен жеке тұлғалар шетелде 666 жылжымайтын мүлік объектісінің бар екенін көрсетті. LS жасаған инфографикада олар қай елде екені туралы толық ақпарат берілді.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аяқталды, оған мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ, олардың жұбайларынан 497 мың адам қатысты.
Оның ішінде 494 жеке тұлға құжаттарда 26 мемлекеттегі 666 шетелдік жылжымайтын мүлік объектісін көрсеткен. Мемлекеттік кірістер комитеті LS-ке елдердің тізімін ұсынды.
Активтердің көпшілігі Ресейде – 436 бірлік. Сондай-ақ, қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің БАӘ, Түркия, Испания, Англия, Болгария, Өзбекстан, Грузия және т. б. елдерде меншігі бар.
Инфографикада жеке тұлғалардың шетелде жылжымайтын мүлкі бар елдер туралы толық ақпарат берілген.
Декларациялаудың бірінші кезеңін мемлекеттік қызметті атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары, сондай-ақ, "Сайлау туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңдар бойынша декларация тапсыруға міндетті адамдар өткізді.