Нығматулин: Nur Otan сайлауалды бағдарламасы – парламенттік фракция бақылауында
Мәжілістегі "Nur Otan" фракциясы партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылауды жалғастырады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Палата Спикері, "Nur Otan" партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Партияның сайлауалды бағдарламасының "Жол картасын" орындаудың аралық қорытындылары Мәжілісте фракцияның кеңейтілген отырысында қаралды.
Онда Үкіметтің және фракцияның "Nur Otan" партиясының 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!" Сайлау бағдарламасын орындаудың жол картасын іске асырудың аралық қорытынды жұмысы туралы айтылды.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Елбасы, "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында жол картасы әзірленіп, ол - партияның Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен бекітілгенін атап өтті.
- Жол картасын іске асыруға мониторинг және бақылау жасау бойынша Фракция мен Үкіметтің өзара іс-қимыл тәртібі қабылданды. Осыған сәйкес, нәтижеге қол жеткізу үшін жол картасының әрбір тармағы бойынша жеке вице-министр бекітіліп, оның орындалуын бақылау нақты депутаттарға – фракция мүшелеріне жүктелген, - деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы "Жол картасының" барлық тармақтары жалпы айтқанда уақытылы және сапалы орындалып келе жатқанын алға тарта келіп, бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Олар: қаржыландыру, жол картасын іске асыру процесінде орталық және жергілікті атқарушы өзара іс-қимылына және ұйымдастырушылық бағыттарына қатысты.
Отырыс барысында Нұрлан Нығматулин 2021 жылғы мәселелерді барынша тиімді шешуге және жол картасын іске асырудың екінші жылын сенімді түрде пысықтауға жұмылдыру қажеттігін айтып:
- Бұл алдағы бес жылдың ішінде елімізді жаңа даму бағытына бастайтын, сонымен бірге, халқымыздың әлеуметтік жағдайын одан әрі арттырудың жол картасы. Осы жолда Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы алдымызға нақты тапсырмалар қойып отыр. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, ол тапсырмаларды жүзеге асыру үшін жауапты адамдар бекітілді, бақылау толықтай қамтамасыз етілді. Енді өте жоғары жауапкершілікпен қарау керек. Ол әрбір депутаттың да, әрбір Үкімет мүшесінің де негізгі міндеті, - деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен бірге, жиынға депутаттармен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Үкімет мүшелері және "Nur Otan" партиясының хатшысы Марат Сембеков қатысты.