Толғақпен кетіп, табытта оралды
Жүкті келіншек перзентханада сәбиімен бірге көз жұмды. Ана мен баланың ажалына туыстары ақ халаттыларды айыптап отыр. Бақилық болған бұрымдының жолдасына әйелінің өлгенін дәрігерлер естіртпеген. Жарының телефон қоңырауына жауап бермегеніне алаңдаған жігіт оның денесін медициналық мекемедегі лифттен көріп қалыпты, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Дәмет Ерментаева, марқұмның енесі:
Үш бірдей баланы жетім қалдырып отыр. Екі адамды бірдей өлтіріп отыр. Не деуге болады енді осыдан кейін... Басқа енді мен білмеймін, врачтардың кесірі болып отыр. Одан басқа ештеңе емес. Өлер-өлгенше бір жері ауырды деп, бір жері неткен жоқ. Тексеріліп тұрды.
3 ұлдан кейін араға 10 жыл салып, құрсақ көтерген марқұм Айжан Шепенова қызды болар күнді асыға күткен екен. Босанатын мерзімі асып кеткен соң, алаңдап, жүктіліктің 41-аптасында өз аяғымен перзентханаға барған. Бірақ, дәрігерлер толғақ келуін күттіріп, бірнеше күн жатқызып қойған. Болмаған соң, толғақ шақыратын дәрі де беріпті. Туыстарының айтуынша, сол кері әсер етіп, іште қан кеткен болуы мүмкін. Оның үстіне марқұмның қайтыс болғанын жақындарына ешкім естіртпеген де. Жолдасы Бақытжан күні бойы жарымен телефонмен тілдесе алмағаннан кейін, түнделетіп перзентханаға барған.
Бақытжан Ерментаев, марқұмның жолдасы:
Түнгі 12:30-ға дейін ешкім кіргізбеді мені. 12:30-да тапырлап жатып, ішіне кіріп, қарасам, денесі лифтта тұр. Лифтта! Лифтқа барып, қолын ұстасам, тастай екен. Шекесін сүйсем тастай екен. Сонан врачқа айттым, сіз врачсыз ба? Десем, иә, дейді. Адам өлгенде, денесі қанша уақытта суыйды десем, 2-3 сағат дейді. Мынаның шекесі баяғыда мұз болып қалған ғой дедім. Сіз 21:30-да қайтыс болды дейсіз. Мынау баяғыда қатып қалған адам ғой дедім.
Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасадық, алайда, ана мен баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, - деп отыр.
Гүлнәр Тұмарбайқызы, Кербұлақ аудандық ауруханасының дәрігері:
Сарыөзек орталық ауруханаға 1-қазан күні түсті. 7-қазан айында толғағы басталды. Сағат 18:30-дан кейін жағдайы нашарлап, қан қысымы төмендеп кетті. Шұғыл түрде кесір тілігіне операцияға алынды. Операция кезінде жүрегі тоқтап қалды. Барлық реанимациялық шаралар жасалды. Бірақ, соған қарамастан, сағат 21:45-те әйел қайтыс болды.
Ал, дәрігерлердің бұл сөзіне марқұмның туыстары сенбейді.
Марат Ерментаев марқұмның қайын ағасы:
Өздерін ақтап, операционный столда қайтыс болды деп отыр. Қайдағы операционный стол?! Ол адам қайтыс болып кеткеннен соң кесіп, ішіндегі баласын алып отыр.
Бақытжан Ерментаев, марқұмның жолдасы:
Мен түнгі 12:30-да айтып отырмын ғой, кірген кезде әйелім ауыраяқ болып жатқан ғой. Қайтыс болып кеткен әйелім. Бірақ, ішінде бала болған. Ертесі күні айтайын деді маған: "Кесерова жасадық, сол кезде уже әйелің қайтыс болып кетті. Жүрегі шыдамады деп.
Марқұмның туыстары ертесінде бірден құқық қорғау органдарына арыз жазып, денесін Талдықорғандағы мәйітханаға әрең дегенде жеткізген. Соның өзінде жауаптылардың салғырттығынан құжат мәселесімен біраз әбігерге түсіпті. Енді, осы қайғылы жағдайға қатысы бар кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етпек.