Дариға Назарбаева БҰҰ өкілдерімен кездесті
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Наталья Германмен және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі және БҰҰДБ Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггермен кездесті, деп хабарлайды zakon.kz.
Кездесу барысында Дариға Назарбаева мен Наталья Герман Қазақстан мен БҰҰ-ның білім беруді дамыту, экология, әйелдер мен жастар бастамасын қолдау саласындағы әріптестік мәселесін талқылады.
Дариға Назарбаева БҰҰ-ның маңызды рөлін атап, "БҰҰ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін шоғырландыратын жаһандық ұйым болып қала береді", деді.
Наталья Герман тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қол жеткізген табысын жоғары бағалап, еліміздің бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды нығайту саласындағы халықаралық бастамаларын ерекше атады.
Әрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің "Қазақстан мен БҰҰ әріптестігі үлгі-өнеге" деген сөзін тілге тиек етті.
Тараптар Қазақстанның Алматы қаласында БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы бастамасының өзектілігіне тоқталды.
Наталья Герман БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясын Алматыға уақытша орналастыру мәселесін жедел шешкені үшін БҰҰ атынан Қазақстанға алғыс білдірді.
Әйелдердің өзін-өзі таныту мүмкіндіктерін кеңейтуге тоқталған БҰҰ-ның арнаулы өкілі бұл бағытта Қазақстанда нақты реформалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Парламентте және жергілікті өкілді органдарда әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілген еді.
Бұған қоса, Қазақстан Еуропалық одақпен бірлескен білім беру бағдарламасына Қазақстан мен Өзбекстанда ауған әйелдерін оқыту туралы бастама көтерді.
Наталья Герман алғашқы отырысы 2020 жылы желтоқсан айында өткен көшбасшы әйелдер кеңесін құру жөніндегі бастамасы үшін Дариға Назарбаевқа алғыс айтты.
"Нұрсұлтан Назарбаев Қоры білім беру, жастар бастамасын қолдау саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Әріптестік пен тәжірибе алмасуға біздің мүмкіндігіміз мол деп ойлаймын. Сол себепті, Дариға Нұрсұлтанқызы, сізді биыл желтоқсанда Ташкентте өтетін көшбасшы әйелдер кеңесінің келесі отырысына қатысуға шақырамын", - деді Наталья Герман.
Мәжіліс депутаты өз кезегінде қарттардың жұмысқа орналасуын, бос уақытын жақсы өткізуін, денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламалар жасауға баса мән беруді ұсынды.
Дариға Назарбаеваның БҰҰДБ Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггермен жүздесуі тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру мәселесіне арналды.
Мирьяна Сполярич Эггер Қазақстанда гендерлік мәселеге байланысты ТДМ мемлекетішілік бағдарламалар мен стратегиялардың сәтті түрде интеграцияланғанын ерекше атады.
БҰҰ өкілі Қазақстанның әйелдер құқығын қорғау, өңірлік деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бастамаларын оң бағалады.