Қазақ кәсіпкері тағы қастандық құрбаны болғысы келмейтінін айтып, дабыл қақты
Өзіне қастандық жасалған қазақстандық кәсіпкер Олжас Мұқажанов өміріне алаңдап, араша сұрайды. Ол қастандықтың қайта құрбаны болғысы келмейді. Өйткені осыдан жеті жыл бұрын кәсіпкер мен досына қарулы шабуыл жасалып, күдікті үш адам 14 және 13 жыл арқалап кете барған еді. Бірақ осы сотталғандардың ісі мерзімі аяқталмай бүгін сотта қайта қаралды, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Кәсіпкердің айтуынша, олардың бабы "бұзақылыққа" ауыстырылса, қапастан босап шығуы әбден мүмкін. Ал тапсырыс беруші халықаралық іздеуде болғанмен, әлі күнге ұсталмаған.
Олжас Мұқажанов:
Мені өлтіруге тапсырыс берген Анарбек Ерланның таныстары мен ақшасы көп. Алда-жалда ақталса, менің көзімді құртуға қайтадан бекінері сөзсіз. Өз өмірім үшін алаңдаймын. Қазір прокурор соттан "адам өлтіруге оқталу" бабын "бұзақылыққа" ауыстыруды сұрап отыр. Бір түсінбейтінім, о баста травматикалық тапаншамен бір метрден кем қашықтықта атылғаны дәлелденген. Енді келіп бір жарым метр жерден атылған, ол қашықтықтан адам өміріне қауіп төнбейді деген басқа бір сарапшының қорытындысын алға тартады. Егер де сот бұрынғы қаулыны бұзақылыққа ауыстырса, онда тапсырыс беруші автоматты түрде ақталады.
2014 жылдың 26-қаңтарында елордада кәсіпкер Олжас Мұқажанов пен оның танысын белгісіз біреулер травматикалық қарумен атып кетті. Кәсіпкер бұл шабуылды бизнесіне көз салғандардың әрекеті деп түсінді. Артынша күдіктілер ұсталып, ол долбары расталды. 2015 жылы үш айыпты Қылмыстық кодекстің 24-бабы бойынша 14 жылға дейін сотталды. Ал қылмысқа тапсырыс берді деген Ерлан Анарбекке халықаралық іздеу жарияланды. Ол әлі күнге дейін ұсталмады. Бүгіндері денсаулығынан да, бизнесінен де айырылған азамат әділдіктің орнатылуын, кінәлілер жазасын толық өтегенін қалайды.