Биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс – Мамин
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды, деп хабарлайды zakon.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады, деген ақпарат берілді primeminister.kz сайтында.
Қазақстанда халықты жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданды. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 1 млн-нан астам қазақстандық қамтылды. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша 200 мың адамды қамту көзделген.
Үкімет басшысы белгіленген жоспарлар орындалатынын атап өтті. Сонымен қатар бүгінгі таңда экономиканың барлық салаларының қызметі қалпына келтіріліп жатыр.
"Бұл шаралар жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс", – деді А. Мамин.
Премьер-Министр Атырау (бос орындарға жұмысқа орналасқандардың үлесі – 68%), Қарағанды (66%) және Қостанай (66%) облыстарындағы тұрақты жұмыс орындарын құрудың оң тәжірибесін атап өтті.
Сонымен қатар "Еңбек" бағдарламасы бойынша жылдық жоспардың орындалуының төмен деңгейі Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында байқалады. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жобаларды іске асырудың төмен деңгейі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарында байқалады.
Үкімет басшысы артта қалған өңірлерге "Еңбек" бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жоспарларды орындау жұмысын жандандыруды тапсырды.
Еңбек министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін кадр қажеттілігін анықтау мәселесін өзектендіру тапсырылды.
А. Мамин реттеу тетігін жедел әзірлеу және экономикалық белсенділікке жұмыспен қамтудың жаңа формаларын тарту қажет екенін атап өтті.
Еңбек министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, "Атамекен" ҰКП-мен, кәсіподақтармен, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заң жобасын әзірлеп, талқылауды тездету тапсырмасы берілді.
"Бастау Бизнес" жобасын іске асыру Кәсіпкерлік жөніндегі ұлттық жоба аясында жалғастырылады.
Жұмыс істеп тұрған Кәсіпкерлік жөніндегі жобалық офис жұмысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың төрағалығымен жұмыспен қамту бағыты құрылады.