Бірінші рет сотты болғандар үшін "Ел ертеңі – шымыр ұрпақ" шарасы өткізілді
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы тойы қарсаңында Шығыс Қазақсан облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/3 мекемесінде аяғын шалыс басып бірінші рет сотталып жазасын өтеп жатқан сотталған жастар, Тәуелсіздіктің құрдастары арасында "Ел ертеңі – шымыр ұрпақ" атты іс - шарасы өткізілді.
- Егеменді елдің басты қазынасы болып адам және оның құқықтары мойындалады. Мемлекеттің күші де, беделі де, бүгіні мен ертеңі де – халқының денінің саулығы мен шымырлығында. Сол себепті, тәуелсіздігіміздің торқалы тойы қарсаңында, салауатты өмір салтын ұлттық құндылық ретінде насихаттау мақсатында және бірінші рет сотты болып отырған сотталғандардың өз қателеріннен сабақ алып, түзу жолға салу үшін осындай іс - шара ұйымдастырып отырмыз, - деді мекеме бастығы Тлеуберген Көнекбаев.
Іс-шара барысында жазасын өтеушілер шахмат, дойбы, үстел теннисі және ұлттық нақышта арқан тартысу спорттық ойындары бойынша және олардың білімдерін бағалау үшін викториналық орындарда бақтары сыналды.
- Аталмыш шараға қырыққа жуық Тәуелсіздік құрдастары мен бірінші рет сотты болып отырған сотталғандар қатыстырылып, шамамен 20 дан аса сотталған жүлделі орындарды иеленді. Біреулер бақ сынасқан спорт түрі бойынша бұрыннан білікті болса, енді біреулері тек бас бостандығынан айырылғаннан кейін ғана мұндай машықтарды иеленген, - деп, қосты мекеме бастығы.
Атап өтсек, іс-шара аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, мекеменің медициналық бөлімі мамандарымен бақыланды.
Іс - шараның өткізілуі мекеме әкімшілігімен бірге, мекеме аймағында әрекет ететін кәсіби колледж мамандарымен қамтамасыз етілді.
- Мекемеде жазамызды өтей отыра, бостандықтағы өмірге оңалтылып қайтарылатындығымызбен қоса, кәсіби білім алып, алдағы уақытта тек еңбекпен ғана табыс табуға бет алатынымыз барлығымызға болашағымыздан және өмірімізден үміт күтуге мүмкіндік береді, - деп сотталғандардың бірі шарадан тыс тақырыпқа шерін тарқатты.
Шараға белсене қатысқандар мақтау қағаздарымен және мекеме әкімшілігі алғысына иеленіп, аса көзге түскенде көтермелеулерге ұсынылды.
- Осындай қоғамдық шараларға қатысу сотталғанның тұлғасындағы оң өзгерістерге баға беруге мүмкіндік береді, нәтижесінде, аталған сотталғандар мерзімінен бұрын жазасынан босату жөніндегі өтінішхаттармен сотқа жүгініп, жақын туысқандарының жанынан ертерек табылу мүмкіндігін иеленеді, - деп мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Руслан Тоқтыбаев шараның дидактикалық маңызын түйіндеді.