Бюджет ақшасына тапсырыс берген гаджетқұмар шенеуніктерден жауап алынды
Соңғы уақытта шенеуніктер арасында бренд маркалы бұйымдарға сұраныс артқан. Бірақ трендтегі телефон мен гаджеттерді өз ақшаларына сатып алса, бір сәрі. Мемлекеттік сатып алу арқылы халық ақшасына алынып жатқан, мысалы смартфондардың бағасы 300 бен 400 мың теңгенің аралығында екен. Цифрлар мен тапсырыс берушілердің тізімі мемлекеттік сатып алу сайтында самсап тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Айфоның бар, жәй фоның бар, не керек, мемлекеттік сатып алу сайтында смартфонның сан түрін кездестіруге болады. Онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін, десе де бұл қалтафондарды шенеуніктер бюджеттің қаражатына сатып алған соң, біз де сұрау салдық. Мәселен, Ақмола облысы Астрахань аудандық әкімдігі осы жылдың сәуір айында сенсорлы заманауи смартфон сатып алған. Бағасы 328 мың теңге тұрады. Ал осы өңірдегі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты жоғары спорт шеберлігі мектебі қымбат маркалы айпад пен телефонды 333 мың теңгеге сатып алған. Солтүстік Қазақстандағы Сәбит Мұқанов атындағы музыкалық драма театр Самсунг смартфонына тапсырыс берсе, тізімді әрі қарай Нұр-Сұлтандағы "Астана су арнасы" мекемесі мен Ақтөбе облысының әкімдігі жалғайды. Ал, ең қымбат әрі сұранысқа ие телефондардың саудасын жандандырған мекемелердің үштігін Текелі қаласының ішкі саясат бөлімі бастап тұр. Редакцияның хатына берген жазбаша жауапта, шаһарды туристік бағытта дамыту үшін сапалы смартфон алғандарын айтады, делінген "Еуразия" бірінші арнасының жаңалығында.
"Текелінінің туристік әлеуетін көрсету мақсатында табиғаты мен көрнекті жерлері туралы бейнероликтер мен фотосуреттер түсіруге техника қажет болды. Сондықтан сандық фотоаппарат пен видеокамераға жұмсалатын қаражаттың көлемі әлдеқайда қымбат болғандықтан, екі құрылғының орнына смартфон сатып алу тиімдірек деген шешім қабылданды. Смартфон жеке мақсатта немесе телефонмен сөйлесу мақсатында пайдаланылмайды". Текелі қалалық әкімдігінің ресми жауабы осындай.
Сондай-ақ Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бюджеттің қаражатына соңғы уақытта сәнге айналған смарт сағат пен айфонның 12-ші маркасын меншіктеген.
"iPhone 12 mini және smart-сағаттары университет студенттері арасында екпе алуға ынталандыру мақсатында акциялар өткізу үшін сатып алынады. Шара қорытындысына сәйкес аталған тауарлар білім алушылар арасында ойнатылады". Бұл - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ресми жауабы
Ең қымбат телефонға тапсырыс берген мекемелердің бірі Ринат Зайытов басқарып отырған Алматы қаласындағы Алатау дәстүрлі өнер театры.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ, "АЛАТАУ" ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бізде даму бөлімі деген бөлім бар. Өздеріңіз білесіздер, барлығы қазір әлеуметтік желіде соны қадағалап отыру керек. Инстаграм, ютуб арнасы. Бұл біздің қызметтік телефон. Дәл қазіргі таңда бұл материалдық жауапкершілікпен толық сол даму бөлімінің басшысы ұстап жүр. Болды.
Десе де, мемлекеттік сатып алудағы майшелпектің "көкесі" бұл емес. Осыған дейін Ақмола облысы Бұланды ауданында жалпы сомасы 14 миллион 250 мың теңгеге дәптер сатып алынбақ болғанын хабарлаған болатынбыз. Сондағысы, мекеме дүкен сөрелерінде 10 теңге тұратын оқу құралының бір данасын 95 мың теңгеге бағалаған.