Еуропадан Қазақстанға қауіпті картоп пен сәбіз ұрығын кіргізбек болған
2021 жылғы 15-22 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелері карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін карантинге жатқызылған 1 мың тоннадан астам импорттық өнімді әкелудің жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР АШМ мәліметтері бойынша, Ресей Федерациясынан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан, Түркиядан, Молдовадан, Нидерландыдан, Италиядан және Колумбиядан өнімдерді импорттау кезінде барлығы 69 бұзушылық фактісі анықталды.
52 жағдайда Ресей Федерациясынан 689,7 тонна картоп, орамжапырақ, қызылша, қызанақ, пияз, бидай, арпа, жемістер, кептірілген жемістер мен жаңғақтар ассортиментін, Қырғызстаннан 66,4 тонна картоп, орамжапырақ, алма мен алмұрт және Нидерландыдан 170 195 дана гүл кесіндісін әкелу кезінде фитосанитариялық сертификаттар болмаған.
13 жағдайда карантинге жатқызылған өнім межелі пунктте қайталама тексеруге ұсынылмаған.
Екі жағдайда карантиндік объектілер анықталды, Өзбекстаннан 18 тонна қызанақты әкелу кезінде "қызанақтың қола тосповирусы" (Tomato spotted wilt virus) және Колумбиядан 640 дана қалампыр әкелу кезінде "батыстың гүл трипсі" (Frankliniella occidentalis) табылды.
Екі жағдайда Ауғанстаннан кептірілген жүзімнің 64 тоннасын импорттау кезінде фитосанитариялық сертификатта көлік туралы ақпараттың болмауы түрінде фитосанитариялық талаптарға сәйкессіздік анықталды және Италиядан паллеттерді әкелу кезінде таңбалау болған жоқ.
Өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар құрастырылып, 3,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары өсімдіктер карантині саласында 5 мыңнан астам бұзушылықты анықтады, соның нәтижесінде 392,8 млн.теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды.