"Оператор РОП"-қа тиісуге болмайды деген ұстаным бар
Не боп қалды? Ресейде тіркеуде тұрса да, тұрмаса да, ресейлік нөмір тағылған автокөлікті ұстап, қамай бастаған билік енді артқа шегінді.
Райынан тез-ақ қайта қалды, деп жазады Жас Алаш. Журналист Вадим Борейкоға сұхбат берген "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнес комитетінің төрағасы және "Тәуелсіз автобизнес" одағының төрағасы Берік Зайыров былай дейді:
– Халық неге автокөлікті Қазақстанда емес, Ресейден сатып алады? Өйткені сөйтуге мәжбүр. Қазақстанда утилизациялық алым бар: жеңіл көлікті тіркетейін дегендерден 1 миллион теңгеден 3,5 миллион теңге төлеуді талап ететін. Ал жүк көліктерінен 6 миллион теңгеге дейін талап етеді. Ең сорақысы, тіпті ауыл шаруашылығы техникасын әкелу үшін алынатын утилизациялық алым сомасы 13 миллион теңгеге дейін жетеді. Біздің утильсбор халық баяғыдай, сырттан арзан да сапалы автокөлік тасып әкеле бермесін деген пиғылмен дүниеге келген. Отандық автоөндірушілерді қолдаймыз деген желеумен. Нәтижесі не болды?
Утилизациялық алым пайда болғаннан бергі бес жылдың ішінде автокөлік бағасы екі есеге қымбаттады. Елдегі көліктер паркі ескіре бастады. Жаңа көлік те удай қымбат, ескі көліктің бағасы да аспандап кеткен. Көлікті Ресейден алмағанда, қайтеді?
Утилизациялық алым елдегі автокөліктерді жаңарту үшін керек деп енгізілген. Іс жүзінде қазір Қазақстандағы автокөліктердің 63 пайызының шыққанына он жылдан асқан. Алматыда жүрген көліктің 40 пайызының жасы 20 жылдан асқан. Утилизациялық алым теріс нәтижеге әкеліп, елде ескі-құсқы көлік көбейді. Утилизациялық алымды "Оператор РОП" деген жеке меншік ұйым алады. Қазақшасы – ӨКМ операторы (өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері). Ол 2015 жылы тіркеліп, алғашқы құрылтайшысы Әлия Назарбаева болған. 2016 жылдың қаңтарында бұл ЖШС қайта тіркеліп, содан бері оның құрылтайшылары – "Eco Waste Solutions" ЖШС-і мен Шынар Мұқтарова. Оператор 2016-2019 жылдары утилизациялық алым деп 220 миллиард теңге жинап алғанын байқамай жариялап жіберді. Енді 2020-2021 жылдары қанша ақша жиып алғанын жарияламай отыр. Бұл оператор өзі есеп беруге де міндетті емес екен.
Утилизациялық алым деген – салықтың бір түрі. Бірақ салықты мемлекет жинаса, бұл алымды Экологиялық кодекске еніп үлгерген жекеменшік компания жинайды. Қазақстанда "Оператор РОП"-қа тиісуге болмайды деген ұстаным бар. Полицияның ресейлік нөмірлі көліктерді қамаудан шошып кеткені де осыдан. Халық "утилизациялық алымның көзін құртыңдар" деген талап қоймасын деп. "Утилизациялық алымға сен тиме, заңсыз көлігіңе мен де тимен" деп, үйренген былығымызға қайта оралдық, – дейді сарапшы.