Назарбаев "Астана клубы" отырысы аясында бірқатар кездесу өткізді
"Астана клубы" отырысынан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті оған қатысқан әлем көшбасшыларымен пікір алмасты, деп хабарлайды Zakon.kz Елбасы сайтына сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Словенияның бұрынғы Президенті, Мадрид клубының президенті Данило Тюркті қабылдады.
Елбасы Тюркке "Астана клубы" алаңында өзекті тақырыптарды талқылауға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Кездесуде тараптар Еуразия құрлығындағы интеграциялық процестерге қатысты пікір алысты. Бұл орайда 2010 жылы Қазақстан астанасында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитінің маңыздылығы атап өтілді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті "Біртұтас Грузия – демократиялық қозғалыс" партиясының төрағасы Нино Бурджанадземен кездесті.
Кездесуде тараптар "Астана клубының" бүгінгі отырысында айтылған идеялар мен ұсыныстарға қатысты өзара пікір алысты.
Сондай-ақ Елбасы мен Бурджанадзе өңірлік күн тәртібін және халықаралық қауіпсіздікті нығайтудың алдағы перспективаларын жан-жақты талқылады.
Елбасы Британия-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманмен кездесті.
Кездесуде тараптар "Астана клубының" отырысы барысында қозғалған Еуразия елдерінің дамуы тақырыбына қатысты пікір алысты.
Сізге "Астана клубының" отырысына қатысқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мен осы жылдар ішінде Ұлыбританиямен өте жақсы қарым-қатынас орнаттым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Гудман "Астана клубының" отырысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді кездесіп, талқылауға мүмкіндік жасалғаны үшін Елбасыға алғысын жеткізді.