Сенатта қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес тетіктері талқыланды
Комитет төрағасы Владимир Волков қазіргі кезде қару айналымын құқықтық реттеу мәселесі біршама шиеленісіп тұрғанын жеткізді. Өйткені, қоғамда бір жағынан қаруды еркін сатып алу туралы пікір болса, екінші жағынан оны қылмыстық мақсатта пайдалану мүмкіндігіне орай табиғи қорқыныш та жоқ емес.
«Осыған байланысты қару-жарақ пен арнайы құралдардың айналымына қатысты құқықтық қатынастар жүйесін қамтамасыз ету және заңмен шектеулер қою маңызды болып отыр. Соңғы оқиғаларды ескере отырып, қару-жарақ пен арнайы құралдар айналымы құзыретті органдары тарапынан күшейтілген мемлекеттік реттеуді қажет етеді деп санаймыз», - деді ол.
Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2019-2021 жылдар аралығында заңсыз айналымнан 12,7 мыңнан астам заңсыз сақталған қару тәркіленді. Бас прокуратураның мәліметтеріне сәйкес, 2019-2021 жылдар аралығында осындай құқық бұзушылықтар үшін 818 адам сотталды, ҰҚК органдары мемлекеттік шекара арқылы қару-жарақ пен оқ-дәрі өткізу мен алып қою жөніндегі 936 фактінің жолын кесті.
Депутат Андрей Лукин өз кезегінде қазіргі уақытта атылатын, газ, газ-травматикалық, сигналдық және пневматикалық атыс қаруын заңсыз жасау фактілерінің күрт өсуі жиі байқалатынын атап өтті.
«Қолда бар ақпарат бойынша соңғы уақытта рұқсат беру тәртібі қолданылмайтын қару-жарақ заттарын шекара арқылы алып өту фактілері жиілеп кеткенін атап өту қажет. Бұл арнайы органдардың осы бағыттағы қызметінің тиімсіз жүргізгенін көрсетеді және қару контрабандасын жедел анықтау мүмкін болмай отырғанын көрсетеді», - деді Лукин.
ІІМ министрінің орынбасары Марат Қожаев сенаторлардың пікірімен келісе отырып, қаңтардағы оқиғаларды егжей-тегжейлі талдауға сәйкес қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жұмысын жетілдіру қажет екенін атап өтті. Ол аң аулау, газ, травматикалық және сигналдық қару контрабандасына қылмыстық жауапкершілік белгілеу, сондай-ақ аң аулайтын тегіс ұңғылы қаруды иелену құқығын 18-ден 21 жасқа дейін, ал жартылай автоматты және ойық қаруды алуда жас шегін 21-ден 24 жасқа дейін көтеру туралы ұсыныс айтты.
Қазақстандық қару-жарақ қауымдастығының төрағасы Сергей Катнов интернет-қару саудасын қатаң бақылауға алуды, базарларды, барахолкаларды, лицензиясы жоқ заңды тұлғаларды қару-жарақ саудасы тұрғысынан мұқият тексеруді ұсынды.
Отырыста Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы министрлігінің Кеден комитеті, бизнес және ҮЕҰ өкілдері де баяндама жасады.
Парламентшілер кеңейтілген отырысты қорытындылай келіп, таяу уақытта Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті салалық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қару мен арнайы құралдар айналымын одан әрі реттеу үшін айтылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша заң шығару жұмысымен айналысатынын атап өтті. Сондай-ақ, мәселелерді қарау нәтижесіне орай Үкімет пен уәкілетті органдардың атына тиісті ұсынымдар жіберілетін болады.