Ашықтықты қамтамасыз ететін геопортал кәсіпкерлер үшін қолжетімді
Атап айтқанда, Президент Жолдауда: «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деді. Президенттің бұл бағытта берген тапсырмасы Шымкент қаласында өз деңгейінде орындалып келеді. Осы тапсырмалар аясында Шымкентте «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бүгінгі таңда шаһарда жеке кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Түрлі курстар әзірленіп, арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында гранттар бөлініп, кіші және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінген.
Соның ішінде, кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етуде «КАЗГИСА» ЖШС тарапынан геопортал әзірленді. Геопорталға қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, Бас жоспары және инженерлік жүйелері бойынша электронды ақпараттары енгізілген. Шымкент қаласының азаматтары үшін де жалпыға ашық карта «http://geo-shym.kz» сайтында қол жетімді. Ақпараттық порталдың «Тақырыптық карталар» бөлімінде шаһардың Бас жоспары, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қаланың шекарасы, функционалды аймақтар, бағалау аймақтары, қауіпсіздік аймақтары, қызыл сызықтар және басқалар туралы мәлімет толық берілген. Картографиялық материалдар қажеттілігіне қарай үнемі жаңартылып отырады.
Осыған орай, қазір Шымкент қаласы бойынша бірқатар жер учаскелері айқындалып, оларға электронды түрде аукцион өткізу жоспарланған.