Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанда шекарашылардың жүріс-тұрыс стандартын енгізу жоспарланып отыр

Қазақстанда шекарашылардың жүріс-тұрыс стандартын енгізу жоспарланып отыр, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.05.2023 11:43 Сурет: pxhere
Мәжіліс депутаттары палатаның жалпы отырысында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында белгіленген. Заң жобасына ҚР парламентінің депутаттары бастамашы болды.

Заң жобасының мақсаты - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Бейіндік комитеттің қорытындысында заң жобасы арқылы 2 кодекс пен 11 заңға өзгерістер енгізілетіні айтылған.

  • Осылайша Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізу; 
  • мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады.

Қаралып отырған заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар ұсынылып отыр. 

Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне, біліктілігіне және әлеуметтік қорғалуына қатысты түзетулер енгізу ұсынылады. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңның қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті басшыларға ғана жүктелген еді. Енді осыған орай, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшыларына да жүктеу ұсынылады.

Бұған қоса, барлық басшыларға ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады. Жеке құраммен жүргізілетін бұл жұмыс ұлттық мәдениетке, дәстүрге, мемлекеттік тілді білуге, жауынгерлік рухты нығайтуға, ұжымдағы оңтайлы, адамгершілік моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға бағытталатын болады.

Атап өту керек, заң жобасындағы бірқатар нормалар әскери қызметті атқару тәртібін жақсартуға бағышталып отыр. Діни экстремизмнің алдын алуды заңдық тұрғыдан реттеу ұсынылады. Бүгінде заңнамаға сәйкес, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға терроризмге тойтарыс беру, оның салдарымен күресу ғана жүктелген болатын. Оның діни аспектілері мүлдем қарастырылмаған еді.

"Ол дұрыс та шығар, бірақ, біздің ойымызша, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, оған қарсы ақпараттық жұмыс шараларын да естен еш шығаруға болмайды деп санаймыз. Осы себепті Терроризмге қарсы комиссия шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға – діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру қажет. Ал Терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз", - деді Айгүл Құспан.

Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін Мемлекеттік шекара объектілерін салу, дамыту және пайдалану және қорғаныс мұқтаждары үшін босалқы жерлерге ауыстыруға болады.

Заң жобасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарына ұлттық қауіпсіздік органдарында жеке құрамды патриоттық, адамгершілік-рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізу жүктелді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери қызметшісінің шекаралық бақылау кезінде мінез-құлық стандартын енгізу ұсынылды.

"Әйгілі драматург Станиславскийдің «Театр ілгіштен басталады» деген сөзі бар. Сол сияқты мемлекетімізбен танысу шекарадағы бекеттен, шекарашыдан, оның келбеті мен жүріс-тұрысынан басталады. Бүгінде Шекара қызметінің әскери қызметшілерінің мінез-құлық стандарты реттелмеген, сондықтан біз мұндай норманы енгізіп жатырмыз", - деп айтты депутат Айгүл Құспан.

Оның айтуынша, бұл стандарт шекаралық бақылау кезінде шекарашының егжей-тегжейлі тәртібін қарастырады. Мысалы, азаматтармен, туристермен қарым-қатынасы, оның сыртқы түрі, жұмыс орнының жағдайы және тағы басқа.

Сонымен бірге заң жобасында қылмыстық қудалау органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанға дейін мемлекеттік органдардың қызметін тексеру үшін аудиторларды тарту құқығын беру ұсынылады.

Сонымен қатар арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге және қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар қарастырылған.

Өз кезегінде депутат Константин Авершин заң жобасында мына нормалар да қарастырылғанын қосты:

  • азаматтың имиджін иелену құқығын нақтылау;
  • арнайы мемлекеттiк органдардың қауiпсiздiк шараларын жүргiзу кезiнде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және кинологиялық қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
  • ұлттық қауiпсiздiк органдарының мемлекеттiк лауазымға, оның iшiнде судья лауазымына орналасуға үмiткер адамдарды арнайы тексеруден өткiзу құзыретiн нақтылау;
  • терроризмге қарсы операцияларды жүргізу тактикасын, нысанын және (немесе) әдістерін ашатын мәліметтерді мемлекеттік құпияға жатқызу;
  • терроризмге қарсы орталыққа діни экстремизмге қарсы іс-қимылға бағытталған жұмыстарды үйлестіру функциясын, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмнің алдын алу функциясын беру.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: