Си Цзиньпин: Қытай мен Қазақстан "алтын 30 жылдыққа" қадам басты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрмет қарауылы салтанатпен сап түзеп қарсы алды. Содан кейін екі ел басшылары бір-біріне ілтипат білдіріп, келіссөз залына қарай өтті, делінген Ақорда хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
"Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығына" қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет". ҚХР төрағасы Си Цзиньпин
Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ екі ел делегациясы мүшелерінің бірқатар маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті.