Президенттің баспасөз хатшысы денсаулығына байланысты қызметінен босады
Сурет: akorda.kz
Жақында президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалған Нұрмұхамед Байғараев қызметінен кетіп жатқаны туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, кеше денсаулығына қатысты оқыс жағдайлар болған.
"Құрметті достар! Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медицина талабы қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз", - деп жазды Нұрмұхамед Байғараев.
Байғараев мұндай жағдайды өзі де күтпегенін айтты. Оның сөзінше, басшылық жағдайды түсінген.
"Шыны керек мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді. Алайда "денсаулық – бірінші байлық" деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын".Нұрмұхамед Байғараев
6 қыркүйекте Байғараев Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған еді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript