Қазақстан мен Қытай трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейінгі кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды.
Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті.
"ҚХР Үкіметі әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған қазіргі кезеңде экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселені тиімді шешіп отыр. Қытайдың жаһандық экономиканың орнықты дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға қашанда ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-дың сенімді стратегиялық серіктесі әрі тату көршісі болып келді және келешекте де солай болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатыр. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етуде", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өте табысты келіссөз жүргізгенін атап өтті. Көпжақты қазақ-қытай қатынасын одан әрі нығайту үшін нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
"Сапарымның аясында бүгін Үкімет деңгейіндегі 9 құжатқа, екі елдің бизнес және басқа да құрылымдарымен 20-дан астам келісімге қол қойылды. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында визасыз режимге және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға, сондай-ақ энергетика саласындағы өзара ықпалдастығымызға қатысты келісімдердің маңызы зор екенін атап өткім келеді", – деді президент.
Ли Цян екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды
"Қазақстан мен Қытай халықтарын ғасырлар бойғы достық қатынастар біріктіреді. Биыл мамыр айында Қытай теледидарына берген сұхбатыңызда Сіз біздің елімізде білім алған және жұмыс істеген кездегі естеліктеріңізбен бөлісіп, қытай тілін жетік білетін адам ретінде біздің аудиториямызды баурап алдыңыз. Мен де сұхбатты көрдім. Бұл елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға тың серпін берді деп ойлаймын. Сіздің Төраға Симен кездесуіңіздің қорытындысы бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Олар мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың жаңа "алтын 30 жылдығы" кезеңіне бағыт-бағдар береді. Қытай тарапы әріптестеріңізбен бірге жоғары деңгейде қол жеткізілген осы уағдаластықтарды жүзеге асыруға, ғасырлар бойғы достық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын", – деді Ли Цян.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Цян трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілді екенін растады.