Ақтөбеде жұмыс сапарымен жүрген Президент қаламгерлердің ескерткіштеріне гүл шоғын қойды
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды", делінген Ақорда хабарламасында.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жұмысымен танысты.
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды, делінген Ақорда хабарламасында.
Президент облыс жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесу барысында елімізде заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін атап өтті.
"Мен қай жерге барсам да заңның үстемдігі туралы айтып жүрмін. Бұл – өте маңызды. Олай болмаса, табысты мемлекет құра алмаймыз. Жастармен кездескен сайын оларды еңбекқор, тәртіпті болуға шақырамын. Жалпы жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанды дамыту – халықтың, мемлекеттің шаруасы", – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысын көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген түрлі саланың өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Айта кетсек, 2023 жылы 6 желтоқсанда Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Президент Мәртек ауданындағы Саржансай спорт кешенінде болды. Одан кейін Мемлекет басшысы облыстың инвестициялық әлеуетімен танысты.