"Ұлттық қор – балаларға": халыққа делдалдардың ұсынысына алданып қалмау ескертілді
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бүгін, 25 желтоқсанда елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылатынын, оның аясында Қазақстандағы барлық кәмелетке толмағанға жыл сайын ҚР Ұлттық қорының 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісінің 50%-ына тең сома бірдей мөлшерде есептелетінін еске салды.
"Балалардың заңды өкілдері 2024 жылдың ақпанында egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінде алғашқы жинақтар туралы ақпаратты көре алады. Бірақ қазірдің өзінде "іскер адамдар" әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде халыққа ақылы ұсыныс жасап жатыр. Олар кәмелетке толмаған балалар туралы мәліметтерді мемлекеттік деректер қорына енгізіп, сол қызметіне ақша алады", - делінген хабарламада.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ таратылатын делдалдық қызметтер туралы мұндай жарнамаларды елемеуді қатаң ұсынады.
"Сіз балаларыңыздың дерегін өзіңіз тексеріп, енгізе аласыз. Ол үшін ешқандай құжат жинаудың, есепшот ашудың, кез келген бөлімшелерге, оның ішінде Бірыңғай зейнетақы қорына барудың қажеті жоқ. Қазір істеу керек бір ғана маңызды нәрсе: баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні туралы деректердің бар-жоғын және оның дұрыс екенін тексеру және egov.kz веб-порталындағы жеке кабинетте балалар туралы ақпараттың бар-жоғын тексеру", - деп еске салды.
Егер жеке кабинетіңізде балалар туралы ақпарат болмаса, мұны әркім өзі енгізе алады. Тек бірнеше батырманы басса, болғаны.
"БЖЗҚ бағдарламаға қатысушылардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне делдалдардың қызметін пайдалана отырып, бейтаныс адамдарға өзіңіздің жеке деректеріңіз бен балаларыңыздың деректерін сеніп тапсырмауды еске салады. Олар мұндай жолмен алынған деректерді жеке мүдде үшін пайдалануы мүмкін", - делінген хабарламада.
Қазақстан азаматтары БЖЗҚ филиалдарында да, қашықтан да барлық сұрағына жауап ала алады және ақпаратты мына жерлерден тексере алады:
- enpf.kz сайты арқылы,
- БЖЗҚ/ЕНПФ мобильді қолданбасы,
- 1418 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы көп арналы тегін байланыс арқылы,
- WhatsApp арқылы +7 (777) 000-14-18,
- БЖЗҚ-ның әлеуметтік желілердегі – Одноклассники, Telegram, Facebook, ВКонтакте, X (Twitter) және Instagram-дағы ресми парақшаларында.