Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды
Жиында ең әуелі қала әкімдігінің тазалыққа жауапты маманы Қанат Нұрланов сөз алып, округтерді зерделеу барысында орын алған олқылықтарды баян етті. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы округ инспекторларынан жеке-жеке жауап алып, олардың жұмысын зерделейтін арнайы топ құруды тапсырды. Егер инспекторлардың жұмысы көңілден шықпайтын болса, оларды қызметтен босату мәселесі қаралмақ.
Келесі кезекте сөз тізгіндеген қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков қаңтар-қараша айларындағы бюджеттің болжамды орындалуын айтты. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына қала бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы 107,2 пайызды құраған. Есепті кезеңдегі жоспар 45 502,6 млн теңге болса, орындалуы 48 758,5 млн теңге немесе 3 255,9 млн теңгеге артығымен орындалуы күтілуде.
Кеңесте қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев 2024 жылғы бюджеттік өтінімдердің қабылдау барысын тілге тиек етті. Бақытжан Әмірбекұлы құжаттары толықтай дайындалмаған жобаларды бюджеттік өтінімге қабылдамауды бөлім басшысына тапсырды.
Жиында бұдан өзге мектептерді сапалы ыстық тамақпен қамту, ауыз су, жол, тұрғын үй құрылысы сынды мәселелер де қаралып, жауаптыларға тиісті тапсырма берілді.