Тоқаев Қазақстан халқына алғыс айтты
"Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алған сәттен бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады", деп жазылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ Президент өз тапсырмасы бойынша Премьер-министр бастаған республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатқанын баса атап өтті.
"Зардап шеккен барлық азаматқа қажетті көмек көрсетілуде. Олардың бүкіл шығындары өтеледі. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайтынын жуырда отандастарыма арналған үндеуімде айттым. Апатқа қарсы күрес жалғасуда.Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын!", - дейді Президент.
Айта кетсек, 6 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өңірлердегі су тасқыны жағдайына байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдады. Өз үндеуінде Президент су тасқыны табиғи апат екенін, мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ Президент халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік резервті пайдалануды тапсырды.
7 сәуірде Мәдениет және ақпарат министрлігі су басқан өңірлерде қанша волонтер жүргенін нақтылаған болатын.