Ерлан Қарин: Конституциялық реформаның нәтижесінде бүкіл саяси жүйенің жұмысы жаңғыртылды
Сурет: ortcom.kz
Конституциялық реформаның нәтижесінде бүкіл саяси жүйенің жұмысы жаңғыртылды, елімізде ауқымды әрі терең институционалдық өзгерістер жасалды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Бүгін еліміз Конституция күнін атап өтіп жатыр. 2022 жылы Ата заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Әділдік қағидатына негізделген бұл түзетулер бүкіл қоғамның мүддесін ескере отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейте түсуге жол ашты. Конституциялық реформаның басты жаңалығы – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды, Парламенттің ықпалы күшейді. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты аралас сайлау жүйесі енгізілді. Жаңа институт – Конституциялық сот құрылды, адам құқықтарын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілді. Реформаның нәтижесінде бүкіл саяси жүйенің жұмысы жаңғыртылды, елімізде ауқымды әрі терең институционалдық өзгерістер жасалды", деп жазды Ерлан Қарин Telegram-да.
Ол 2022 жылғы конституциялық реформадан туындайтын негізгі бастаманың бірі ретінде "Ұлттық қор – балаларға" жобасын атап өтуге болатынын нақтылайды.
"Жалпы, осы өзгерістерден кейін екі жыл өтті. Бүгінде біз жаңарған Ата заң мемлекетіміздің дамуына зор ықпал етті деп нық сеніммен айта аламыз", - дейді ол.
Айта кетсек, Қазақстанда 30 тамызда жыл сайын Ата- заң - Конституция күні атап өтіледі.
30 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын, әдеттегідей Конституция күнімен құттықтады.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript