Депутат ресми органдардан "билер" атын жамылған ұйымдардың жұмысын тексеруді сұрады
Оның айтуынша, соңғы кезде елімізде осындай өзін-өзі сайлап алған жалған "билер" жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. Тіпті, ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен Бас би атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар.
"Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады", - дейді депутат.
Депутат би дегенде қазақтың ойына ең алдымен ақылы асқан әйгілі Төле би, Қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би, шешен де көсем Әйтеке би, топтан озған Толыбай би секілді таңдаулы тұлғалар келетінін айтады. Атам заманнан қалған билер институты бұл бүгінгі сот билігі. Ал қазіргі қаптаған билер осы қастерлі атақ, абыройлы тәрбиенің қадірін кетіріп, құнын түсіруде. Сондықтан ол осындай күмәнді билер ұйымдарының жұмысын жіті тексеретін уақыт келгенін айтады.
"Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы алқабилер мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз. Ал көлденең билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Кім оларға мұндай өкілеттік берген?! Әрбір өңірде жергілікті әкімдік пен Мәслихаттар, сот билігі мен құқық-қорғау органдары бар, ақсақалдар мен қоғамдық кеңестер заң аясында қызмет етуде. Туындаған мәселелені шешетін де, көтеретін де осы заңды ұйымдар мен мекемелер. Яғни заң мен тәртіп концепциясын іске асыратын билік тармақтары бізде нақты айқындалған", - дейді Болат Керімбек.
Ол тарихи жадымыздың маңызды екенін түсінетінін, бірақ болашағымыз жарқын болу үшін кеше мен бүгінді шатастырып алмауымыз керектігін баса айтады.
"Осы ретте, Президентіміз айтқандай: "Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. ...Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек" – деген сөздерін басшылыққа алуымыз қажет. Сондықтан, өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуі тиіс. Біз тек заң үстемдік етіп, тәртіп билейтін қоғамда өмір сүруіміз қажет", - дейді ол.
Осылай деген Amanat партиясы фракциясының өкілі Әділет министрлігі, Бас Прокуратура еліміздегі қазіргі түрлі "билер" атын жамылған ұйымдардын жұмысына тексеру жүргізіп, олардың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауы керектігін айтады.