Президент: Ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті

2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге.
"Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек",- деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол экономикаға инвестиция тарту маңызды мәселе екенін атап өтті.
"БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – "жекелеген" проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту". Қасым-Жомарт Тоқаев
Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Бұл ретте, Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.
Мұнымен қоса, президент мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отырғандығын баса айтты.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз