Мемлекет басшысы Король II Абдалланы "Алтын Қыран" орденімен марапаттады

Президент марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасында берік серіктестік қатынастар орнағанын, Король ІІ Абдалланың қазақ-иордан байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
"Ұлы Мәртебелі Королдің айнымас ниетінің арқасында біз экономика мен инвестициялық ықпалдастықтан бастап мәдени және білім салаларына дейін өзара мүддемізге сай келетін ынтымақтастығымызды нығайттық. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшіліктің қорғаны әрі даналықтың үлгісі ретінде Сіздің ісіңіз әлемдегі көп адамға жігер береді. Қазақстан халқы Сізді ерекше құрметтейді. Иорданияның тек серіктес қана емес, нағыз достас ел екенін мақтан тұтамыз. Ұлы Мәртебелі Королдің байыпты басшылығымен Иордания өңірдегі тұрақтылықты, дінаралық диалогты және гуманитарлық қызметті ілгерілетуде шешуші рөл атқарып отыр. Бұл құндылықтар Қазақстанның бейбітшілікті, толеранттылық пен дипломатияны жақтайтын ұстанымына сай келеді. Сіздің зор күш-жігеріңіз бен ұдайы қолдауыңыздың арқасында біз өзара ынтымақтастығымыздың келешегіне зор үмітпен қараймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Король II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік марапатына лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Айта кетсек, 2025 жылы 18 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барды. Тоқаевты тақ мұрагерінің Иордания сарайында қалай қарсы алғанын мына арадан оқуға болады. 2025 жылы 19 ақпанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иордания қандай құжаттарға қол қойғаны белгілі болды.