Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йоркке барады
Сурет: akorda.kz
Бұл туралы 19 қыркүйекте Ақорда Telegram-арнасында мәлім етті:
Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып, бірқатар мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөз жүргізеді.
Сапар аясында АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың басшыларымен кездесу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында Нью-Йоркте сөз сөйлейтінін жариялаған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті 2023 жылдың қыркүйегінде де жұмыс сапарымен Нью-Йоркке барған еді. Сол сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – АҚШ" саммитіне қатысып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясындағы жалпы пікірталаста сөз сөйлеген. Сонымен қатар ол ірі халықаралық бизнес-компаниялардың өкілдерімен кездесіп, Венгрия, Иран, Финляндия, Эстония, Кения және Румыния президенттерімен екіжақты келіссөздер жүргізген.