Қазақстан мен Армения арасында өзара көші-қон туралы маңызды шешімдер қабылданды: келісім ратификацияланды
Фото: senate.parlam.kz
Сенатор Марат Қожаевтың сөзінше, бұл келісімге 2024 жылдың сәуір айында мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары кезінде қол қойылған.
"Құжат көші-қон саласындағы ынтымақтастықты, азаматтардың құқықтарын қорғауды, сонымен қатар мемлекеттердің заңнамалары мен халықаралық міндеттемелерге сәйкес ақпарат алмасуды көздейді. Ратификациялауға ұсынылған келісім аясында тараптар мынадай жұмыстарды жүргізетін болады: статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпараттармен алмасу; мемлекеттер аумағында жүрген азаматтар туралы мәліметтермен алмасу; көші-қон мәселелері бойынша тәжірибе және тәжірибелік өзара іс-қимылмен алмасу", – деді Қожаев.
Сонымен қатар, құжат азаматтарды тұрақты, уақытша немесе арнайы тұру мәртебесі, тіркеу деректері, азаматтығы және басқа да ақпараттармен алмасуды көздейді. Бұл деректер заңсыз көші-қонның алдын алу және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қажет.
Құжатта өзара ынтымақтастықтың нақты формалары көрсетілген. Тараптардың бірінің сұрауы бойынша ақпарат беру мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Сұраныста көрсетілуі тиіс мәліметтердің тізімі мен оны орындау тәртібі де нақты жазылған.
Азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім де ратификацияланды
Сондай-ақ Сенат Қазақстан мен Армения арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді де ратификациялады.
Осы құжаттың арқасында екі елдің азаматтары тең құқықта басқа мемлекеттің аумағына 90 тәулікке дейін кіру, шығу, транзитпен өту, еркін жүру және болу мүмкіндігіне ие болады. Алайда, тіркеусіз болу мерзімі 6 айда (180 күнде) 90 тәуліктен аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, азаматтар екінші елге барған кезде алғашқы 30 күн ішінде тіркелуден босатылады. Бұл мерзім өткен соң, олар міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс.
Құжатта жарамды жол жүру құжаттарының тізімі де нақты көрсетілген. Мысалы:
- Қазақстан азаматтары үшін – жеке куәлік;
- Армения азаматтары үшін – идентификациялық карта және өзге де құжаттар.
Келісім сонымен бірге, әр тараптың екінші тараптың азаматын елге кіргізуден бас тартуға немесе елден шығаруға құқығы бар екенін анық көрсетеді, егер оның болуы қажетсіз деп танылса.
Сенатор Қайрат Тастеков атап өткендей:
"Әр тарап өз елінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қорғау мақсатында келісімді толықтай немесе ішінара тоқтата алады", – деді ол.
Бұған дейін Сенатор аттракцион иелеріне жауапкершілікті күшейтуді талап еткенін жазғанбыз.