Олжас Бектенов: Үкімет шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа шараларын әзірлеуде
Фото: freepik
Премьер-министрдің айтуынша, елде инфрақұрылымды жаңғырту және ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру басым бағыт болып табылады, ал микро және шағын бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта "Іскер Аймақ" бағдарламасы бекітіліп, микро және шағын бизнеске арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шаралары жүйеленді.
Үкімет кәсіпкерлермен бірлесіп, шағын және орта кәсіпорындарды заманауи жабдықтармен қайта жарақтандыру бағдарламасын іске қосады. "Бәйтерек" холдингі арқылы кәсіпкерлер 10 күн ішінде қосымша кепілсіз станоктарды жеңілдікті несиеге ала алады, бұл бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінің бірқалыпты енгізілуі, бизнес субъектілерінің сындарлы ұсыныстарын ескеру және микро мен шағын бизнеске заңбұзушылық үшін жауапкершілікті қолданбау шаралары қарастырылған.
2025 жылғы қорытынды бойынша елде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5%-ға өсіп, 2,2 млн-нан асты. Сектордағы жұмыспен қамтылғандар 4,5 млн адамды құрап, жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесі 40,5%-ға жетті. Өнім шығару көлемі шамамен 73 трлн теңгені құрады.